- Негізгі бет
- Сымбат
- Шашты суықтан қорғауға...
Шашты суықтан қорғауға көмектесетін 3 маска
Суықтан тек бет пен қол терісін ғана қорғамай, шашқа да мән беру керек. Температуралар өзгерісінен шаш әлсіреп, табиғи жылтырын жоғалтады. Ал бөлме ішіндегі құрғақ ауа, дәрумендердің жетіспеушілігі және үнемі бас киім киіп жүру жағдайды ушықтырып, шаш құрғақ әрі сынғыш бола түсуі мүмкін. Сондықтан үйде өзіңіз жасауға болатын 3 масканың рецептісін ұсынамыз.
Бананнан жасалатын маска
Бұл маска шашты және бас терісін қоректендіреді және оларды дәрумендермен қанықтырады. Мұндай маска дайындауға 1 банан, 1 ас қасық бал және лимонның ¼ бөлігі қажет. Бананды езіңіз, оған лимонның суын және балды қосыңыз. Барлығын жақсылап араластырып, масканы барлық шаш ұзындығына жағыңыз. Бір сағаттан соң сусабынмен жуып, жылы сумен шайып тастаңыз.
Шырғанақ майынан жасалатын маска
Шырғанақ (облепиха) майынан жасалған маска шашты жақсы ылғалдандырады және оның табиғи жылтырауын қайтарады. Кез келген шырғанақ майын микротолқынды пеште немесе сулы жылытқышта қыздырып, шашқа жағыңыз. Сыртынан душқа арналған полиэтилен бас киім киіңіз немесе аспаздық пакетпен орап алыңыз. Жылуды сақтап тұру үшін оның сыртынан сүлгімен ораңыз. Бір сағаттан соң шашыңызды сусабынмен жуып аласыз.
Кокос майынан жасалатын маска
Кокос майын сатып алу артық етпейді. Себебі оны тамақ пісіруге және тері, тырнақ, шаш күтіміне пайдалануға болады. Бұл май ылғалды жақсы ұстап тұрады және оның құрамында шашқа пайдалы қышқылдар бар. Кокос майын қыздырып, оны бас терісіне тигізбей, тек шаш ұзындығына ғана жағыңыз. Жарты сағаттан соң жуып тастай беруге болады.