- Негізгі бет
- Сымбат
- Шашты бүлдіретін зиян...
Шашты бүлдіретін зиян әдеттер
Әр қыз шашының әдемі көрінгенін қалайды, сондықтан барынша дұрыс күтім жасауға тырысады. Шашыңызға жасап жүрген күтіміңіз өз нәтижесін жылдам беруі үшін және сол қалпын ұзақ уақыт сақтау үшін кей әдеттерден арылу керек. Бұл әдеттердің шаш жағдайына жағымсыз әсер ететінін білмеуіңіз немесе байқамауыңыз әбден мүмкін.
1. Тарақты тазаламау
Тараққа микроб көп жиналады. Сондықтан оның тазалығына аса мән беру керек. Шашты әр тараған соң оған жиналған шашты бірден алып тастаңыз. Содан соң айына бір рет оны жақсылап жуып тұрыңыз. Тарақты ас содасы қосылған жылы суға бірнеше минутқа салып қойып, содан соң жуып алуға болады. Сол кезде тарақтағы май, шаң жақсы тазаланады.
Сондай-ақ тарақты ауыстырып тұрған да жөн. Оны қолдану уақыты тарақтың материалына байланысты. Мысалы, тарағыңыз ағаштан жасалған болса, оны әр үш ай сайын ауыстырып тұру керек. Егер тарақтың бір жері сынған болса, оны бірден ауыстырыңыз. Себебі ол шашыңызды жұлады. Егер тарақ еш зақымдалмаған болса, оны гигиена талабына сай жылына бір рет ауыстырған жетеді.
2. Термоқорғаныш құрал қолданбау
Шаш сәндеуші мамандар мұндай құралдарды қолдану шаш күтімінің міндетті кезеңіне айналу керегін айтады. Термоспрей шаш құрылымының зақымдалуының алдын алады. Әрине, бұл құралдар шашты 100% қорғамайды. Бірақ фен немесе шаш бұйралайтын немесе түзелейтін құралдарды күнде қолданатын болсаңыз, міндетті түрде шашқа алдымен термоқорғаныш құрал жағу керек.
3. Шашты қатты резеңкемен буу
Егер шашты матамен қапталған жіңішке резеңкемен қатты қысып байласаңыз, шаш сынғыш бола түседі. Мұндай резеңкенің орнына қыстырғыштар қолданған жөн.
4. Шаштаразға өте сирек бару
Уақыт өте қатты ұшталмаған шаштың өзі өте ұсақ шаштарға бөлініп, олар әлсіз бола түседі. Сондықтан шаш күтімді көрінуі үшін оның ұштарын бір немесе екі айда бір рет аз-аздан қиып тұрған дұрыс.
5. Барлық күтім құралын бірден қолдану
Кей қыздардың барлық күтім құралын бірден қолданатын әдеті бар: бас терісіне скраб жағу, шашқа маска жағу, бальзам немесе кондиционер қолдану, ал одан соң шашқа термоқорғаныш, май, қандай да бір спрей, кейде, тіпті, шашқа арналған крем жағу. Бұл әдетіңізбен шаштың табиғи майын кетіріп тастайсыз: ол шаш денсаулығында маңызды рөл атқарады. Оның үстіне құралдардың көп болуы шашты ауырлатады, сондықтан шаш көлемін жоғалтады.
6. Шаш кепкенше оны сүлгімен орап жүру
Фильмдерде қыздар, әдетте, шашын жуып болған соң оны сүлгімен орап қойып жүреді. Бұл әдет шашқа кері әсер етеді. Себебі сүлгілерді көбіне қатты матадан жасайды, ал ол шашты зақымдайды және сынғыш етеді. Оның орнына микрофибрадан жасалған жақсы жеңіл сүлгі табыңыз немесе оны басыңызға орап жүрмей, тек ылғалды сіңіріп алыңыз.
7. Шашты күнде жуу
Шашты күнде жусаңыз, бас терісі табиғи бағалы майын жоғалтады. Шашты әр екі-үш күн сайын жуыңыз. Әрине, эстетикалық түрі сақталса, шашты жумай, одан да ұзаққа шыдауға болады. Шашты екі-үш күнде бір рет жууға үйрету үшін бастапқы кезде сол аралықта құрғақ сусабын қолдануға болады.
8. Су шашты тарау
Су шаш — әлсіз шаш. Сондықтан оны тістері алшақ орналасқан тарақпен жайлап тараңыз немесе алдымен шашқа оның ұйысқақтығын кетіретін спрей шашып алыңыз.
9. Шашқа арналған процедуралардан соң сусабынды ауыстырмау
Шашқа қандай да бір процедура жасасаңыз, шаш күтіміне арналған құралдарды ауыстыру керек. Мысалы, егер шашты ағартқан болсаңыз, процедура кезінде зақымдалған шаштарды қалпына келтіру үшін арнайы құралдар алыңыз. Сол секілді кератинмен түзету процедурасын жасаған болсаңыз, маман сізден бірден құрамында сульфаты жоқ сусабын алуды өтінеді. Себебі қарапайым сусабындар құрамындағы сульфат процедура әсерін жуып тастайды.
А. Жапатова