Әдетте шаштараздар мұндай жағдайда бояуды химиялық жолмен кетіруді ұсынады. Асықпаңыз, сіз онсыз да шашыңызға зақым келтірдіңіз. Енді оны жасанды жолмен тағы бір мәрте «қинаудың» қажеті жоқ.
Бояудың қанықтығын үй жағдайындағы бірнеше тәсілмен төмендетіп көріңіз. Әрине, қара шашыңыз сарғыш түске боялады деп айта алмаймыз. Алайда шаштың түсін ашық қылуға септігін тигізетіні анық. Бір рәсімнің аздық ететінін ескеріңіз. Жақсы нәтижеге қол жеткізу үшін оны бірнеше рет қайталауыңыз керек. Есесіне шашыңыз алғыс білдіреді. Себебі осы тәсілдің көмегімен оны емдеп аласыз.
Қара және қызыл түсті бояулар шаштың тереңіне сіңіп қалатындықтан, бұл рәсімдерді бірнеше рет қайталауыңызға тура келеді.
Маймен жуу. Коньяк пен майды бірдей мөлшерде араластырып, шаштың түбінен бастап жағыңыз. 3-4 сағаттан кейін масканы жуып, бальзаммен шайыңыз. Бұл үшін ошаған майын пайдалануыңызға болады. Ол шашты емдеп, қалыңдатады.
Содамен жуу. Сүйікті сусабыныңызға 1:1 мөлшерінде ас содасын қосыңыз. Осы қоспамен шашыңызды жуып, бальзаммен шайыңыз. Сусабынды пайдаланбай, соданың өзімен жусаңыз да болады. Жарты стақан суға 2 ас қасық сода жеткілікті. Сода шашты құрғатып жіберетіндіктен, кондиционер пайдалануды ұмытпаңыз.
Балмен жуу. Бұл тәтті тағамға аллергияңыз болмаса, бояуды кетіруге көмегі мол. Балды дымқыл шашқа жағып, басыңызды орамалмен ораңыз. Осы күйіңізде ұйықтай берсеңіз болады. Балды таңертең жуыңыз. Мұндай рәсім шашыңызды емдеп қана қоймай, табиғи түсіңізді жылдам қайтаруға көмектеседі.
Айранмен жуу. Оның шашқа тигізер пайдасы мол. Жарты стақан айранның үстіне 2 жұмыртқа, лимон шырынын және 4 ас қасық арақ, 2 ас қасық майлы шашқа арналған сусабын қосыңыз. Жақсылап араластырған соң шашыңызға жағыңыз. Шашыңызды целлофанмен ораңыз. Мұндай масканы таңға дейін ұстауыңызға болады. Кем дегенде 4 сағат ұстауға тырысыңыз. Шайған кезде жылы суды пайдаланыңыз. Аталған рәсімді күн сайын қайталасаңыз, бір аптаның ішінде шашыңыз бұрынғы қалпына келе бастағанын байқайсыз.
Бұл тәсілдер шашқа айтарлықтай зақымын тигізбейді. Алайда оны түгелдей жақпас бұрын шашыңыздың белгілі бір бөлігіне жағып тексеріп алыңыз.