Сұлулық салонына шашымызды бояту үшін барған кезде, нәтижесінің жақсы болатынына сенеміз. Алайда рәсім аяқталған соң көңіліміз толмайтын кездер болады. Мүмкін түсін өзіңіз қате таңдаған боларсыз? Образыңызға қаншалықты сай келетінін ескермеген шығарсыз? Бұдан өзге шаштаразыңыз қателік жасауы да мүмкін. Кейде бояу мен қораптың сыртындағы түс сай келмей жатады. Қандай жағдай болмасын, уайымдауыңызға себеп жоқ. Бояу – мәңгілік тұратын зат емес. Ол небары бірнеше аптадан кейін толықтай кетеді. Ал бұл процессті төмендегі бірнеше кеңестің көмегімен жылдамдата аласыз.
Әдетте шаштараздар мұндай жағдайда бояуды химиялық жолмен кетіруді ұсынады. Асықпаңыз, сіз онсыз да шашыңызға зақым келтірдіңіз. Енді оларды жасанды жолмен тағы бір мәрте «қинаудың» қажеті жоқ.
Бояудың қанықтығын үй жағдайындағы бірнеше тәсілмен төмендетіп көріңіз. Әрине, қара шашыңыз сарғыш түске боялады деп айта алмаймыз. Алайда шаштың түсін ашық қылуға септігін тигізетіні анық. Бір рәсімнің аздық ететінін ескеріңіз. Жақсы нәтижеге қол жеткізу үшін оны бірнеше рет қайталауыңыз керек. Есесіне шашыңыз алғыс білдіреді. Себебі осы тәсілдің көмегімен оларды емдеп аласыз.
Қара және қызыл түсті бояулар шаштың тереңіне сіңіп қалатындықтан, бұл рәсімдерді бірнеше рет қайталауыңызға тура келеді.
Маймен жууу. Коньяк пен майды бірдей мөлшерде араластырып, артынша шаштың түбінен бастап жағыңыз. 3-4 сағаттан кейін масканы жуып, артынша бальзаммен шайыңыз. Бұл үшін ошаған майын пайдалануыңызға болады. Ол шашты емдеп, қалыңдатады.
Содамен жуу. Сүйікті сусабыныңызға 1:1 мөлшерінде ас содасын қосыңыз. Оның көмегімен шашыңызды жуып, артынша бальзаммен шайқаңыз. Сусабынды пайдаланбай соданың өзімен жусаңыз да болады. Жарты стақан суға 2 ас қасық сода жеткілікті. Сода шашты құрғатып жіберетіндіктен, кондиционер пайдалануды ұмытпаңыз.
Балмен жуу. Бұл тәтті тағамға аллергияңыз болмаса, бояуды кетіруге көмегі мол. Балды дымқыл шашқа жағып, басыңызды орамалмен ораңыз. Осы күйіңізде ұйықтай берсеңіз болады. Артынша балды таңертең жуыңыз. Мұндай рәсім шашыңызды емдеп қана қоймай, табиғи түсіңізді жылдам қайтаруға көмектеседі.
Айранмен жуу. Оның шашқа тигізер пайдасы мол. Жарты стақан айранның үстіне 2 жұмыртқа, лимон шырынын және 4 ас қасық арақ, 2 ас қасық майлы шашқа арналған сусабын қосыңыз. Жақсылап араластырған соң шашыңызға жағыңыз. Артынша шашыңызды целлофанмен ораңыз. Мұндай масканы таңға дейін ұстауыңызға болады. Кем дегенде 4 сағат ұстауға тырысыңыз. Шайған кезде жылы суды пайдаланыңыз. Аталған рәсімді күнде қайталайтын болсаңыз, бір аптаның ішінде шашыңыздың бұрынғы қалпына келе бастағанын байқайсыз.
Жоғарыдағы тәсілдер шашқа айтарлықтай зақымын тигізбейді. Алайда оларды түгелдей жақпас бұрын шашыңыздың белгілі бір бөлігіне жағып тексеріп алыңыз.