XX ғасырдың өзінде аналар балаларына балық майын беретін болған. Ол кезде балық майы барлығына – жиі суық тиюде, тіс ауырғанда, дәрумен жетіспегенде және тамаққа тәбет болмаған кезде қолданылған. Дәмді болмаса да пайдалы балық майын тері мен шашты жақсарту үшін сұлулар да ішкен. Шашымызға пайдасы тию үшін балық майын қалай ішу керек және ем нәтижесі қандай болады деген сұраққа жауапты осы материалдан табасыз.
Балық майының шашқа пайдасы.
Балық майының құнды құрамы өнімді адам денсаулығына өте пайдалы етеді. Ал әйелдер үшін оның құрамындағы дәрумендер мен минералды заттар тері мен шашты әдемі етуге көмектеседі. Құрамына 3-омега және 6-омега кіретін табиғи комплекс, шашқа қажеттінің бәрімен қамтамасыз етеді. Жасанды әрі арзан бояу қолданатын, газдалған кеңістікте өмір сүретін қазіргі қыздардың көбісі шаштың мөлшерден тыс түсуінен қиналады. Балық майының құрамында А, Е және В дәрумендері болғандықтан, терапия жасамай-ақ, балық майын ішіп және сыртынан соның көмегімен күтім жасау арқылы қатты әлсізденген шашты қалпына келтіріп, тез өсуіне ықпал етуге болады.
Шашқа арналған балық майы: Маскалар
Балық майының техникалық және дәріханалық түрлері болады. Ем қабылдау үшін біріншісін алудың қажеті жоқ. Дәріханалық балық майын капсула түрінде алып, нұсқамасы бойынша қолданған жөн. Қосымша сыртқы қолданулар жылдам көмектесуге ықпал етеді. Жұмыртқа, қалақай (крапива) және ошаған майынан (репейное масло) дайындалатын маскаларды ұсынамыз:
– Қалақайдан маска дайындау үшін бір уыс қалақайға 100 мл қайнаған су құйып, жарты сағаттай ұстаңыз. Жылы күйінде 3-4 капсула балық майын салып, араластырыңыз. Масканы таза әрі ыстық шашқа (шашыңыз ыстық болып тұру үшін ыстық сүлгіге орап, сыртынан пакетпен орап қойыңыз) жағу керек. Масканы шашта бір сағат ұстап, сусабынмен жуып, лимон шырыны қосылған сумен шайғаныңыз жөн.
– Балық майы мен жұмыртқадан маска дайындау үшін екі жұмыртқаның сарысын 4 капсула балық майымен араластырады. Жуылған шашқа масканы жағып, жарты сағат шамасында ұстайды. Масканы сусабынмен жуып, лимон шырыны немесе алма сірке суы қосылған сумен шайып тастаңыз.
– Шаштың көп түсуін тоқтатуға ошаған майы мен балық майынан жасалатын маска жақсы көмектеседі. Екі майды бірдей пропорцияда алып, шаштың түбіне жағады. Оны екі сағаттан соң жуып тастайды.