- Негізгі бет
- Сымбат
- Шашқа арналған топырақ...
Шашқа арналған топырақ маскалары
Көпшілігімізде топырақ қосылған спа рәсімін үйде жасау мүмкіндігі бар. Табиғи топырақты тек шаш маскасы үшін ғана емес, өзге де косметикалық құралдар құрамына қосып пайдаланады. Ол қайызғақтан арылтып, бас терісін емдейді, шашты жылтыратып, көлем береді, мұнымен қатар жылдам өсуіне септігін тигізеді.
Топырақ шаштың түріне қарай таңдалады, олай болса сізге лайығын бірге таңдайық. Болгардың халық емшісі Йотов И. Н. өзінің 1991 жылғы «Менің зерттеулерім мен кеңестерім» атты кітабында топырақтың патологиялық жасушаларға әсер етіп, оларды қайта қалпына келтіретіндігі туралы жазған. Осылайша, топырақ қосылған маска тек шашты емдеп қоймай, ағзаның өзге де жасушаларына септігін тигізеді. Оған спа курорттан алып келу, кез келген дәріханадан сатып алу, немесе құрамында топырағы бар масканы таңдау арқылы қол жеткізуге болады. Шашқа арналған түрлері көк, сұр, жасыл, алқызыл, қызыл, ақ, сары болуы мүмкін.
Жасыл түсті топырақ тез майланып, қайызғақтанып кететін шашқа пайдалы. Ол бас терісін тазартып, қышынуды басады. Құрамында магний, қорғасын, күміс, кальций сынды бай минералдар болғандықтан, шашты қатайтады.
Көк түстіcі топырақ ішіндегі ең танымалы. Ол шашын ұзын етіп өсіргісі келетін жандарға арналған. Шаштың сынғыштығын азайтып, түсуін тежейді. Бұдан өзге әсерлі түрде бас терісін тазартып, қайызғақтан арылтады. Оның құрамында темір, магний, кальций, алюминий, титан ангидриді, кремний бар. Мұның барлығы да шашты жылдам өсіру үшін таптырмас коктейль.
Сұр топырақ сынғыш, құрғақ шаштарға арналған. Теңізге демалып келген соң шашты қайта қалпына келтіру үшін таптырмас құрал. Бас терісінің рН-балансын қалпына келтіріп, шашты жылтыратады. Шаштың өсуін тездетіп қана қоймай, ұшталуын тежейді.
Алқызыл топырақ жіңішке, сынғыш шаштарға арналған. Ол қатайтып, көлем береді.
Қызыл топырақты сезімтал бас терісіне қолдануға кеңес береміз. Химиялық бояудан кейін бас терісін жайландырады.
Ақ топырақ – бұл зақымдалған, жіңішке, әлсіз шаштарды емдеу үшін таптырмас құрал. Құрамында қайта қалпына келтіретін заттары бар.
Сары топырақ оттегімен қамтамасыз етіп, токсиндерді сыртқа шығарады және қайызғақты кетіреді.
Қолданылуы. Оны маска ретінде пайдалануға, топырақ қосылған сумен басты шаюға немесе жууға болады.
Топырақ қосылған маска. Оны шаштың барлық бөлігіне жағу керек болғандықтан, мөлшері шашыңыздың көлемі мен ұзындығына байланысты. Оны қаймақ секілді қою болатындай суға, өзіңізге сай келетін шөп қайнатпасына езіңіз. Бұдан өзге қалауыңызша А, Е, В, дәрумендерін қосуыңызға болады. Олар жұмыртқа сарысында, балда, лимон шырынында бар. Артынша дайын масканы шашыңызға жағыңыз. (Мұндай маска сақтауға жарамайды).
Басыңызды полиэтиленмен және орамалмен жауып, 20-40 минутқа қалдырыңыз. Масканы жылы су мен сусабынның көмегімен мұқият жуу керек. Мұндай маскадан кейін шашыңыз қатты болып қалмас үшін міндетті түрде бальзам пайдаланыңыз.
Оны аптасына 2 рет немесе айына 2 рет пайдалануыңызға болады.
Майлы шашқа арналған маска
- 2 ас қасық суға немесе шөп қайнатпасына 2 ас қасық жасыл топырақ салып араластырып, 1 ас қасық алма сірке суын қосыңыз.
- Суға немесе шөп қайнатпасына 2 ас қасық көк топырақ, майдалап туралған 2 кішкене тіс сарымсақ қосып, қоюланғанша араластырыңыз.
Шаш түсуіне қарсы тұруға арналған маска
1 ас қасық лимон шырынына 2 ас қасық көк топырақ, бір-бір ас қасық бал мен жұмыртқаның сарысын қосып араластырыңыз. Қою сұйықтыққа айналғанша су қоса беруіңізге болады.
Шашты қалыңдатып, өсуін жылдамдататын маска
-1 ас қасық балға жұмыртқа сарысын, 1 ас қасық шырғанақ, 2 ас қасық көк және сары топырақ қосыңыз.
Құрғақ шашқа арналған маска
- 2 ас қасық айранға 1 ас қасық топырақ және блендерде үгітілген 1 кішкене болгар бұрышын қосыңыз.
Жасыл топырақ қосылған қайызғаққа қарсы маска
- Шөп қайнатпасына 2 ас қасық жасыл топырақ, 1 жұмыртқаның сарысын және 1 ас қасық алма сірке суын қосыңыз.
Шашты топырақпен жуу. 4 ас қасық су мен 4 ас қасық алма сірке суына бас теріңізге лайық топырақты таңдап, 3 ас қасық қосыңыз. Осы ерітіндіні 5-10 минут бойы бас терісіне жағыңыз. Артынша жылы сумен жуып, бальзам қолданыңыз. Бұдан кейін лимон шырынымен және шөп қайнатпасымен бір шайып жіберіңіз. Топырақ маскасы шашыңызды қайта қалпына келтіруге көмектеседі деген ниеттеміз!
Дайындаған: Қарлыға Бүйенбай
Сурет: Аяулым Ерғазының жеке парақшасынан, aikarakoz.kz
Қ. Бүйенбай