- Негізгі бет
- Сымбат
- Шашқа арналған майды...
Шашқа арналған майды қолданудағы 5 қателік
Шашты және бас терісін арган, майсана және кокос секілді майлармен ылғалдандырған сұлулыққа және денсаулыққа пайдалы. Бұл процедура уақыт алмайды және жасалуы қиын емес. Алайда қыздардың көпшілігі оны жаққанда бірнеше қателік жібереді. Сондықтан оның шашқа пайдасы емес, зияны тиіп, шаш жиі түсуі немесе сынғыш болуы мүмкін. Шашқа арналған майды қолдану кезіндегі жиі жіберілетін 5 қателікті ұсынамыз.
1. Өте көп май қолдану
"Қаншалықты көп болса, соншалықты жақсы" деген ереже шашқа жағатын майға арналмаған. Шашыңыз бен бас терісі қатты құрғақ болса да, майды оған өте көп жағуға болмайды: ол проблеманы шешпейді, керісінше, ушықтырып жібереді. Өте көп майды шаштан жуу қиын, сондықтан сусабын көп мөлшерде қолдану керек болады, ал ол өз кезегінде шаштың табиғи қорғаныш қабатын бұзады.
2. Майды ылғал шашқа жағу
Шаш ылғал кезінде әлсіз болып келеді. Ылғал шашты тарамау керегін жиі айтамыз. Сол секілді ылғал шашқа май жағу да ұсынылмайды. Себебі шаш түйіншелері жұмсарып, жай тарту немесе созудың өзі микрозақымға әкеледі, сондықтан шаш түседі. Сол үшін майды тек құрғақ шашқа жағып, содан соң жақсылап жуып алыңыз.
3. Майды жаққан соң шашты бірден тарау
Шашқа май жаққаннан кейін оның ұйысқанын кетіргің келіп, еріксіз тарағың келіп тұрады. Майлы массаждан соң бас терісі жұмсақ, сезімтал бола түседі, сондықтан шашты бірден тараудың қажеті жоқ. Әйтпесе, шаш түсу процесі жылдамдап кетеді. Егер шашты тарау керек болса, оны жайлап ұшынан бастаңыз.
4. Майды түнге қалдыру
Кей майларды түнге қалдыру керегі айтылғанмен, мүмкіндік болса, оны шашқа күндіз жағып, бірнеше сағат ұстаған жөн. Май шашта ұзақ тұрса, ол жабысқақ бола түседі де, өзіне ластықтарды жинап алады: олар бас терісіндегі табиғи маймен жылдам араласып кетіп, қабынуға әкелуі мүмкін.
5. Шашты қысып буу
Майланған шаш өте әлсіз болады. Сондықтан шашқа майды жаққаннан кейін оны бірден қатты буып немесе түйіп тастамаңыз. Оның орнына шашты жинамай, бірден пакет киіп алыңыз немесе бос етіп өріп қойыңыз.
А. Жапатова