Шаш сәні: Бигуди түрлері

Шаш сәні: Бигуди түрлері

Шашы түзу кейбір қыздар шаштарының толқындай бұйратылып тұрғанын қалайды. Шашты бұйралаудың классикалық әдісі – дәстүрлі бигуди. Бірақ оның да түр-түрі бар. Қай бигудиді пайдаланғаныңызға байланысты шаш та түрліше бұйраланады.

Қыздырылатын және электрлік бигудилер

Тегенеде қайнатылатын металл бигудилер әжелеріміздің заманынан таныс. Осы әдіспен қыздырылған бигудилердің арқасында 10-15 минутта шашты бұйралап алуға болады. Электрлі бигудилер өзінің арнайы құрылғысы арқылы қызады, ал онымен бұйралауды 3-10 минутта іске асыруға болады. Шашқа біршама зақым келетіндіктен, бұл бигудилерді көп пайдаланбауға кеңес беріледі.

Бумерангтар

Бумерангтардың түрін есепке алмағанда, оларды пайдалану өте ыңғайлы. Бұл бигудилердің басты артықшылығы жұмсақтығында және кез келген форманы қабылдай алатындығында. Ұзындығына да мән берген жөн. Бумеранг ұзын болған сайын, оған бұрымды  қалыңырақ орауға мүмкіндік бар. Шашты ұсақтап бұйралау үшін мамандар жіңішке бигудилерді пайдалануды ұсынады, ал ірі бұйра шаштарға – жуан бумерангтарды.

Жабысқақтар

Жабысқақтар – бұйралауға арналған бигудилердің тағы бір ерекше түрі. Бетіндегі тікенегі арқылы бұрымдар қосымша бекітуді талап етпейді. Жабысқақтардың арқасында шашты екі түрлі әдіспен бұйралауға болады: бірінші – оларға құрғақ шашты айналдырып, 30 минут күту, екінші – дымқыл шашты орап, фенмен сыртынан кептіру. Мұндай бигудилер шашты түбірінен көтереді, ал бұрым күні бойы көлемін жоғалтпайды.

Біз типтес бигудилер

Орысша «коклюшки» деген атау алған біз типтес бигудилерді көбіне сұлулық салондарында және химиялық бұйралау шаштараздарында қолданады. Олардың диаметрі кішкентай болғандықтан бұйралау өте ұсақ болып шығады. Бұл бигудилерді шашты арнайы ерітіндімен өңдемей-ақ үйде де қолдануға болады. Біз типтес бигудилер арқылы көлемді шаш үлгісін жасай аласыз және ол 2-3 күндей сақталады. Айта кететіні, бұл бигудилерді пайдаланған соң шашты тарау қиынға соғады, сол себепті жай ғана саусақтарыңызбен тарақтап жіберіңіз.

Барқыт бигудилер

Велюр төсемнен жасалған бұл бигудилер көбіне шаштараз мамандардың қорында болады. Барқыт бигудилердің ұзындығы мен диаметрі әртүрлі болады, сол себепті әр типтегі шаштарға жарайды. Олардың басты артықшылығы – нәзіктігінде және бұл өз кезегінде шаштың бүлінуінің алдын алады. Шашқа олар цилиндрдің саңылауына кіргізілетін пластикалық таяқшалар арқылы бекітіледі.

Таңертең уақыттың тығыздығына байланысты шашты тез бұйралайтын құрылғыларға жүгінуге тура келеді. Ал түнде, жатар алдында, бигуди құрылғыларын шашқа бекітіп, сонымен ұйықтауға да болады. Шашты бұйралаудың алдында стайлингтік құрылғыларды пайдаланыңыз, бұл шаш үлгісін ұзақ уақыт сақталуын қамтамасыз етеді. Егер шашыңызды бір реттен бұйралау қолыңыздан келмесе, қапаланбаңыз. Бұл іс бірте-бірте үйренуді қажет етеді.

Сурет: www.ljpoisk.ru, www.revline.ru

Дайындаған: Анар Мұстафина

A. Mustafina