Ұзын, жылтыр, әдемі шаш – әр қыздың арманы. Оған қол жеткізу үшін біз, қыздар көп нәрсеге келісеміз. Бірі жарнамаға сенсе, екіншісі қыздар арасында тараған түрлі айла-амалдарды қолданады. Шаш күтіміне байланысты қандай пікірлер өтірік екендігін біліп жүрген артық етпес.
Шашты бояу оның жағдайын мүлдем құртады
Өзіңіз ойлап көріңізші, егер шынымен осылай болса, шашы боялған арулардың шашы баяғыдан бері түсіп қалмай ма? Қазірде сапалы қымбат бояулар табиғи негізде жасалып, шашқа тигізетін зардабы барынша кемітілген. Алайда шашы боялған қыздар шаштың ұштануы, құрғақтығы, сынғыштығымен жиірек кездеседі.
Шашты ай толғанда ғана қиюға болады
Оған қоса шаш алудың арнайы ай күнтізбесі де бар. Бұрыннан бері қыздар арасында таралған бұл сыбыс ғылыми тұрғыдан еш дәлелденбеген. Бұл тек кезекті ырым болуы керек.
Сусабынды жиі алмастырып тұру қажет
Шаш бір сусабынға тез арада үйреніп кетіп, бір ай уақыттан кейін ол еш әсер бермейді деп есептейді қыздар. Жалпы кейбір косметикалық заттар расымен осылай әсер ете алатыны дәлелденген, алайда сусабын жайлы бұлай айта алмаймыз. Демек, егер шашыңыздың түріне, бас терісіне мінсіз келетін жақсы сусабын тапсаңыз, оны ауыстыруға асықпаңыз.
Аяғы ауыр әйелдердің шаш алмағаны дұрыс
Ырымшыл адамдар аяғы ауыр арудың шаш алуы болашақ баласының ақылын кесуі деп есептейді. Әрине ғылыми тұрғыдан анасының шашы мен баласының ой-өрісі арасында еш байланыс табылмады.
Шашты мұздай сумен шаю арқылы шашты жылтыратуға болады
Өкінішке орай, тастай су қымбат косметикалық сарысу, ылғалдандырғыш маска емес. Сол себепті ол шаштың саулығын қайтаруда, жылтыр қылуда еш көмек бере алмайды.
Шашты сусабынмен қатарынан екі рет жуу керек
Әрине ондай қажеттілік болса, шашыңыз қатты кірленгенде бірнеше рет жууға әбден болады. Ал уақытында жуынып жүрген арулар шашты 1-ақ рет жуса да жеткілікті. Шашты екі рет жуып, оның табиғи қорғаныс қабатын бұза аласыз, ал бұл өз кезегінде шашты әлсіз қылады.
Шашты жиі тарап тұру керек
Шашты жиі тарау шаң-тозаңды кетіріп, шаш түбіндегі майды шаш бойына жайып, жылтыратады деп есептеледі. Алайда шашты тараған сайын оны жұлып, бас терісін зақымдаймыз. Сондықтан шашыңызды күніне 2-3 рет: сыртқа шығуға жиналғанда, шашты түзегенде және ұйқыға жатқанда тараған дұрыс.
Ал сіз шаш саулығына байланысты тағы қандай қате тұжырымдар білесіз?
Дайындаған: Сания Аринова
Сурет: xliciousgirl.com