Шашыңызды жайып жүргенді ұнатасыз ба? Әлбетте, қазақ қызына тән ұзын, күтімді, толқынды қара шашқа не жетсін? Дегенмен, кей кезде шашыңызды жинап жүруге тура келеді. Ол қандай кездер дейсіз бе? Ендеше мына тізімге көз жүгіртіңіз.
Шаршап, ұйқыңыз қанбаса. Жіберілген шаш, әсіресе ұзын бетті созып, арық қылып көрсетеді. Сол себепті, мазасыз, ұйқысыз түннен кейін одан бетер қалжырап көрінбес үшін шашыңызды жоғары түйіп қойыңыз.
Егер сіз іскерлік кездесуге бара жатсаңыз. Жіберілген қалың шашыңыздың сәні керемет екеніне шүбәміз жоқ. Алайда жұмыс бойынша кездесулерге шашыңызды жинап барғаныңыз дұрыс. Ұқыпты шаш сәні мен іскер костюм сіздің жақсы маман екеніңізді бірден көрсетеді.
Егер шаштаразға бармағаныңызға көп болса. Шашыңыз қандай сұлу болса да, арасында шаштаразға барып, шаштың ұштарын жаңартып тұру керек. Ауа-райы мен феннің әсерінен шаштың ұштары жұқарады. Бұл онша әдемі көрінеді деп айта алмаймыз. Сондықтан шашыңызды жинап, тез арада шаштаразға барып келіңіз!
Егер сіз жаңа әшекей бұйымдарыңызды көрсетіп, мақтанғыңыз келсе. Жаңа сырға не моншақты көрсету мақсатымен шаш жібергеннен пайда аз. Жіберілген шаш жаңа бұйымдарыңыздың әдемілігін толықтай көрсете алмайды. Сондықтан, бұндай жағдайда шашыңызды жоғары түйіп, басыңызды жоғары көтеріп шыға беріңіз!
Егер сізді салтанатты кешке шақырса. Мерекелік жиындарға шашыңызды жоғары жинап барғаныңыз дұрыс. Салтанатты көріну үшін шашыңызды сәнді әшекеймен түйсеңіз болады.
Суреттер: dailymail.co.uk, timelady.ru, liveinternet.ru, hochu.ua, asteza.kz.