Кей кездері шаш үлгімізді немесе шаш түсін өзгерткіміз келеді. Алайда сенімді маман болмаса, нәтижесінен аздап қорқатынымыз бар. Көпшілік жағдайда әйел адамдар шаш түсін өзгерткенде, бояу нәтижесі өз ойындағыдай шықпайды. Шашты бояуға қалай дайындалу керек және сән үйіне барарда нені біліп барған жөн?
Шаш түсін бірден өзгертпеңіз
Түріңізді толықтай өзгерткіңіз келсе де, шаш түсін бір бояғанда 2 тоннан артық ағартып немесе қарайтпаңыз. Себебі, соңғы нәтиже шашқа маман жаққан бояуға ғана байланысты емес, сонымен қатар, өзіңіздің табиғи пигментіңізге (бояйтын зат) де тікелей қатысты екенін ұмытпаңыз. Сәйкесінше, реңк сіз қалаған түстен қою немесе ашық болып шығуы әбден мүмкін. Содан соң шашты бірте-бірте бояу нәтижесінде сіз қалағандай түске келе бастайды.
Түссіздендіретін құралдардан қорықпаңыз
Кей қыздардың шашы ашық түсті бояуды қабылдамайды. Мұндай жағдайда мамандар түссіздендіретін құралдар қолданады. Бұрын мұндай құралдардың құрамы агрессивті болатын, ал қазіргі жаңа технологиялық құралдар шаш құрылысын зақымдамай, оның пигментін абайлап кетіреді. Шашты түссіздендіру, бояу кезінде шаш құрылысының ішкі байланыстары бұзылатынын білеміз. Ал жақсы құрал таңдай білсеңіз, бұл мәселенің алдын алуға болады. Түссіздендіретін құралдан соң маманға сіз қалаған түсті шығару оңайға түседі. Сұлулық салонында қандай да бір процедура жасататын болсаңыз, алдын ала маманмен жақсылап кеңесіңіз. Қандай құрал қолданатынын, құрамы қандай екенін және қандай нәтиже болуы мүмкін екенін анықтап біліңіз.
Суреттер алып барыңыз
Адамдардың көпшілігі сұлулық салонына барарда сурет апармайды. Мысалы, сізге бір түс қатты ұнады, атауын анық білмейсіз, құрбыңыз "алтын жаңғақ" деп ойлайды делік. Маманға сол түсті сөзбен түсіндіресіз, ал оның ол түсті дәл табуы екі талай әрі түрлі түсті шаш суретін көрген кезде, басыңыз айналып, өзіңізге ұнайтын түс қандай екенін ұмытып, жаңылып қаласыз. Сондықтан оның ең қарапайым шешімі – сұлулық салонына барарда сіз қалаған түспен боялған шаштың суретін тауып алу.
Шаш бояйтын маманды алдамаңыз
Салонда көп жағдайда шашты бояу алдында маман сізден оның алдында қандай процедура жасағаныңыз туралы сұрайды. Егер сұрамаса, өзіңіз ұмытпай ескертіп айтыңыз. Мысалы, шашыңызға химиялық бұйра салып, көп уақыт ұзамай, қара шашты сарыға боятуға шешім қабылдап, алайда ол туралы маманға айтпасаңыз, бояудан соң шашыңыздың түсіп қалуы әбден мүмкін. Себебі, ондай процедуралардан соң бірден бояуға болмайды. Алдымен шашты қалпына келтіретін құралдар қолдану қажет немесе бір жылдай уақыт күту керек. Сондықтан қандай жағдай болмасын, шаш боятар алдында маманнан ештеңе жасырмаңыз.
Шыдамды болыңыз
Көп жағдайда сіз қалаған шаш түсі бірден біліне қоймайды. Ұқыпты бояудан соң бір апта өткенше өзгеруі мүмкін. Бұл жағдай ашық түске бояғанда орын алады. Мысалы, шашты ашық түске боясаңыз, бірінші күні қою болып көрінуі мүмкін. Алайда жуған сайын бірте-бірте ағара бастағанын көресіз. Шамамен 7-10 күннен кейін сіз армандаған түсті байқайсыз.