- Негізгі бет
- Сымбат
- Секпіл: көркемдік пе,...
Секпіл: көркемдік пе, кемшілік пе?
Беттегі секпіл өз иелерінің бойында әрдайым қайшылық сезімдерін тудырып келеді. Біреулер бетіндегі көз тартарлық, сүйкімді күннің қорымына риза болса, енді біреулері жирен бөртпеден құтылудың амалдарын қарастырып әлек. Сонымен, секпіл бұл – табиғаттың сыйы ма, әлде келемежі ме? Олармен масаттануымыз керек пе, әлде кез келген амалды пайдаланып, кетіру керекпіз бе?
Секпіл неге пайда болады?
Секпілдің арқасында ағза ультрафиолет сәуленің теріс әсерінен қорғанады. Терісі аққұба жандарға ультрафиолет сәулесі өте қауіпті, өйткені онда меланин мөлшері төмен, оны түзетін клеткалар да аз. Көктемде, күн нұрының белсенділігі арта бастағанда беттегі секпіл де көбейеді. Терінің ашық алаңдарының күйіп қалуына тосқауыл болу үшін ағза секпілді топтастыра бастайды. Қыс және күз мезгілдерінде, күн белсенділігінің төмендеуімен бірге секпіл де бозарып, не кетіп қалады.
Пайда болуының алдын алуға бола ма?
Косметологтар секпіл қорымының әр мезгілде қайталанып шығып отыратын ерекшелігіне сүйеніп, оның пайда болуының алдын алатын немесе аз көлемде шығуын, түсінің онша қанық болмауын қамтамасыз ететін біраз ережелерді топтастырған. Ақпан айының басынан бастап күнделікті тағамыңызға С дәруменіне бай өнімдерді қосыңыз. Бұл меланиннің құрылуын баяулатады. Мысалы, итмұрынның қайнатпасын, лимон қосылған сусындарды жиі ішіңіз, ашытқан қырыққабатты тұтыныңыз. Күнде бетіңізді жартылай сумен араластырылған лимон шырынымен сүртіңіз. Күнге шыққанда теріңізге күннен қорғайтын құралдарды жағып шығыңыз. Күннен қорғайтын көзілдірік пен кең жиекті қалпақтар киіп жүріңіз.
Секпілді қалай кетіруге болады?
Егер секпіл пайда болуының алдын алуға мүмкіндік болмаса және бет пен иық терісінде сарғылт қорым қаптап кетсе, онда секпілге қарсы ақжелкен жапырағынан немесе жаңа піскен қиярдан жасалған маска көмектесе алады. Орман бүлдіргені мен қара қарақаттың теріні ағартатын қасиеттері бар.
Сонымен қатар, секпілден құтылғысы келетін қыздар үшін бүгінде лосьондар мен кремдердің түр-түрі бар, секпілге қарсы маскалар да сатылады.
Сұлулық салондарында беттегі күрең секпілден арылуға арналған бірнеше процедура бар. Химиялық пилингтің арқасында терінің беткі қабыршақтанған жасуша қабаты алынады, осылайша секпіл онша білінбей қалады.
Секпілді кетіруге арналған халық емінің ішінде бақбақ гүлдерінің қайнатпасы, үгітілген ақжелкек, ұйыған сүт пен үгітілген бадамнан жасалған маска өте танымал.
Секпіл – бұл сәнді
Ортағасырда терісін секпіл басқан адамды төменгі таптың адамдарына жатқызған. Уақытының көбін далада, сауда-саттықпен өткізетін дүкеншілерге күн нұры расында кері әсер еткен. Олардың беттерін секпіл қорымы мен пигментті дақтар басып кететін болған.
Бүгінде секпіл сәнге айналды. Танымал косметикалық компаниялар сүйкімді секпілдерді айқындауға арнайы қарындаштарды өндіріске енгізген. Бұл тауар арулардың арасында тіпті үлкен сұранысқа ие.
Демек, секпілдерін ұнататын да адамдар бар деген сөз. Олар бұл дақтарды күннің теріс әсерінен қорғайтын табиғаттың сыйы деп қабылдап қана қоймай, иелеріне ерекшелік, сүйкімділік пен әсерлі шуақ беретінін ескерсе керек.
Сурет: vk.com
Дайындаған: Анар Мұстафина
A. Mustafina