Жібектей төгілген әдемі шашқа қол жеткізу үшін 4 кезеңнен тұратын күтім керек. Олар: шаш тамыры, бас терісі, шаш ұзындығы күтімі және сыртқы негативті әсерден қорғау. Осы төртеуіне қажетті деңгейде көңіл бөлу арқылы алға қойған мақсатыңызға жете аласыз.
"Нағыз көрікті шаш бас терісінен бастап ұшына дейін сау болуы тиіс",– дейді халықаралық деңгейдегі шаш күтімінің сарапшысы Диего Перез Марин.
Бірінші: Сау бас терісінен ғана сау шаш шығады
Шаштың сұлулығы оның саулығына тікелей байланысты. Ал, оның саулығы бас терісінінің жағдайына тәуелді. Осы себепті, шаш күтімі кезінде бас терісіне эфир майын жағып массаж жасаған жөн. Аптасына 2 рет басты жуу алдында 10 минуттай жасалған массаж бас терісінің жағдайын жақсартып, шаш тамырының мықты болуына септігін тигізеді. Осылайша шаш тез өседі.
Екінші: Шаш тарау — шаш күтіміндегі аса маңызды кезең
Шаштардың ара жігін жақсылап ажыратып тарау өте маңызды. Бұл шаштың сау өсуіне қосымша әсер етеді. Әдетте шашты жуу алдында, яғни, эфир майларымен массаж жасау процесінен кейін тараған жөн. Сарапшы кеңесі бойынша, шашты жуғаннан кейін бірден тарау дұрыс емес. Себебі, су шаш өте әлсіз әрі сынғыш келеді. Шаштың кепкенін күту керек. Тарақты да өте ұқыпты пайдаланған дұрыс. Мысалы, жуу алдында ағаш тарақ, ал, кепкен шашқа пластик тарақ пайдаланған тиімді.
Үшінші: Сусабын мен маска
Сусабын таңдаған кезде өзіңіздің физиологиялық ерекшеліктеріңізге мән беріңіз. Мысалы, бас терісі түрінің құрғақ не майлы екенін анықтап және қайызғақтың бар жоғын ескеріңіз. Сусабынды бір жуғанда екі рет пайдаланған жөн. Біріншісінде ол шашқа жұққан шаң-тозаңды кетірсе, екіншісінде 3-5 минутқа жағып қойсаңыз шашқа қажетті қорегін беріп, оның саулығына әсер етеді.
Шашты жуып болған соң, жақсылап сүртіп, кейін кондиционер мен маска жағыңыз. Масканы 5-8 минут ұстағаныңыз жөн.
Төртінші: Жууды қажет етпейтін құралдар пайдаланыңыз
Егер шашыңыздың жағдайы тым нашар болса, жууды қажет етпейтін емдік майлар жағыңыз. Себебі, олар шашта ұзақ уақыт тұру арқылы саулығына оң әсерін тигізеді. Олар күн әсерінен және өзге де зиянды заттардан қорғайды.