Мінсіз сұлулыққа ұмтылу жолында қыздар қандай құрбандыққа бармады десеңші. Қасты да жалғады, тырнақты да, шашты да өсірді, ал енді жұқа қастар емес, қалың қастар сәнде деп, қас өсіру үдерісі артып келеді.
Подиумдарда жалпақ қасты қыздардың патшалық етуіне қарап, жіптей жұқа қастардың сәннен кетіп бара жатқанын анық байқауға болады. Бұл трендті алғашқылардың бірі болып Эмма Уотсон қабылдап, Кара Делевинь жалғастырды. Караның қалың қастары қазірде оның өзіндік ерекшелігі болып кеткендей.
Егер табиғатыңыздан қалың қастарыңызбен мақтана алмасаңыз, онда сізге сұлулық салондарындағы мамандар көмектеседі. Қас өсіру рәсімі кезінде сізге 4-8 мм-лі түктерді жабыстырып береді. Қас жасаушылардың айтуынша, бұл процесс теріге ешқандай зиянын тигізбейді және ауыртпай жасалады. Түктерді жабыстыратын желім де бет теріге еш әсер етпейді екен.
Нәтижесінде Меган Фокст немесе Дженнифер Лопес секілді мінсіз қасқа ие боласыз. Бір кемшілігі – бұл қастар ұзақ тұрмайды. Бірнеше апта өткен соң қайта қас жабыстыруға тура келеді.
Табиғатынан қалың қасты болып келетін қазақ қыздары трендте болғаны ғой?
Суреттер: 1001makeup.ru, wday.ru
Дайындаған: Анар Мұстафина