- Негізгі бет
- Сымбат
- Салмақты қалай өлшеу...
Салмақты қалай өлшеу керек?
Біресе қосылатын, біресе алынатын әр 100 грамды бақылап, күнде өлшенесіз бе? Бұл дұрыс тәсіл ме? Дұрыс тамақтанып, жаттығулар жасап жүрсеңіз және салмағыңызды бақылауды қолға алуды ойласаңыз, өлшенудің негізгі ережелерін біліп жүріңіз.
1. Аптасына бір рет қана өлшеніңіз
Егер дүйсенбіден жексенбіге дейін күніне екі рет өлшенетін болсаңыз, ол көңіл күйіңізге әсер етпей қоймайды. Бұл әдеттен көңіл күй жақсы жаққа өзгереді деп айта алмаймыз. Себебі салмақ түрлі себептерден біресе артып, біресе түсіп отырады. Мысалы, су көп ішу немесе бір күн бұрын тұзды тамақ жеу — мұның барлығы таңғы салмаққа әсер етеді. Көңіл күйіңізді түсірмес үшін таразыға аптасына бір рет, мысалы, сәрсенбі күні өлшенген жетеді. Себебі фин зерттеушілері салмақ аптаның ортасында ең аз ауытқитынын анықтаған.
2. Ұйқыдан тұрған бойда өлшеніңіз
Өлшенгіңіз келіп тұрса да, ұйықтар алдында таразыға тұрмаңыз. Бұл кезде шынайы дене массасы көрсетілмейді, бірақ сонда да көңіл күйіңіз бірден түсіп, мотивация жоғалтып алуыңыз мүмкін. Сондықтан мамандар таңертең аш қарынға және дәретханаға барып келген соң өлшенуді ұсынады.
3. Киімсіз өлшеніңіз
Көпшілік бұл ережені білсе де, оған мән бермейді. Киім де таразыдағы санды көбейтеді. Егер киімсіз өлшенуге мүмкіндік болмаса, әр өлшенген сайын бір киімді киіңіз: бұл да салмақ динамикасын бақылауға мүмкіндік береді.
4. Күнделік бастаңыз
Күнделікке бәрін жазып жүруді әдетке айналдырыңыз. Оған қандай физикалық жүктемелер жасағаныңызды, күні бойы не жегеніңізді, күніне қанша километр жүргеніңізді және т.б жазуға болады. Мұндай жазбалар салмақтың неліктен азайғанын немесе қосылғанын түсінуге көмектеседі және қателіктерді қайталамауға мүмкіндік береді.
А. Жапатова