- Негізгі бет
- Сымбат
- Салмақ қосуыңыздың сіз...
Салмақ қосуыңыздың сіз ойламаған 4 себебі
Тамақтануыңызды бақылауда ұстайсыз, түнге қарай тамақ жемейсіз және физикалық жаттығулар жасайсыз. Бірақ сонда да салмақ қосып жатсыз ба? Оның себебі неде болуы мүмкін екенін қарастырайық.
Бірінші себеп — пассивті темекі тарту
The American Journal of Physiology журналы адамға пассивті темекі тартудың әсері жайлы мақала жариялады. Темекі түтінінің пайдалы емес екенін бұрыннан білеміз. Бірақ енді оған ғылыми дәлелдер де бар: темекі түтінінде жасушалар жұмысының қалыпты жұмысын бұзатын және ағзаға майдың жиналуымен күресуге мүмкіндік бермейтін заттар бар. Сондықтан артық салмақтан арылғыңыз келсе, темекі тартып тұрған адамдардың қасында жиі тұрмауға тырысыңыз.
Екінші себеп — кешкі немесе түнгі кезекте жұмыс істеу
Әдетте, салыстырмалы түрде күндіз жұмыс істемейтін адамдар азырақ энергия жұмсайды. Тағы бір маңызды фактор: адам ағзасында дұрыс метаболизм болу үшін түнгі демалыс аса маңызды. Ауысым кестесі бар және түнгі кезектегі жұмыс күйзеліс гормоны кортизол деңгейін арттырады. Ал ол өз кезегінде тәбеттің артуына және артық салмақтың қосылуына әкеледі.
Үшінші себеп — антибиотиктерді ұзақ ішу
Бұл проблеманы Нью-Йорк университетінің зерттеушілері қозғады. Олар антибиотиктердің адам ағзасына әсерін, яғни, оларды ұзақ ішкендегі салдарларын зерттеген. Кей ғалымдар, әсіресе, балалар арасында семіздіктің көбеюін антибиотиктерден көреді. Олардың ойынша, мұндай дәрілер тамақты дұрыс қорытуға көмектесетін бактерияларды да жойып тастайды.
Төртінші себеп — микробиома жағдайы
Сау асқорыту жүйесі микроағзалар мен бактерияларға толы. Олар бізге тамақты қорытуға және аурулармен күресуге көмектеседі, дәрумендер шығарады, зат алмасуды реттейді және көңіл күйге әсер етеді. Егер қандай да бір себеппен (мысалы, күйзелістен, дұрыс тамақтанбаудан немесе антибиотиктер ішуден) сізде бұл микроағзалардың деңгейі түсіп кетсе, ол салмағыңызға жағымсыз әсер етуі әбден мүмкін.
А. Жапатова