Салмақ қосу жолдары

Әдетте, артық салмақтан құтыла алмай жүрген жандарды жиі кездестіреміз. Десе де, «семіре» алмай жүрген сұлулар да жоқ емес. Кейбір келіншектер балалы болғаннан кейін тез арып, көп салмақ жоғалтып жатады. Сондай-ақ басқа да жағдайлар тез салмақ тастауға түрткі болады. Мұндайда қалай салмақ қосуға болады?

Әдетте, артық салмақты немесе салмақтың мөлшерден аздығын дене массасы мен бойдың қатынасына қарап анықтап жатады. Алайда бұл нақты есеп емес. Өйткені кейбір адамдардың сүйегі ауыр болады. Сондай-ақ осы есеппен бұлшықеттің массасы да анықталмайды. Сондықтан көп жағдайда тек бұл есепке жүгінуге болмайды.

 Егер қанша ішіп-жеп жатсаңыз да салмақ қоспасаңыз, уақыт өткізбестен, медициналық тексеруден өту керек. Өйткені ағзаның мұндай реакциясы өт-ішек жолдары, гормональді баланс, метаболизмге байланысты қауіпті аурулардан хабар беруі ғажап емес. Тиісті тексеруден өтіп, диетолог маманның кеңесін алғаннан кейін оны бұлжытпай орындау қажеттігін ұмытпаңыз. Сонымен қатар дұрыс тамақтану мен түрлі жаттығулар жасаудың да салмақ қосуға пайдасы мол.


1. Дұрыс тамақтану
Салмақ жинау, негізінен, дұрыс тамақтанумен тікелей байланысты. Әсіресе, мұнда құнарлы астың алар орны ерекше. Дегенмен, салмақ қосқылары келетін қыз-келіншектердің барлығы дерлік бір қателік жіберіп жатады. Ал ол қателік – «Не болса да, әйтеуір, көбірек жесем болды!» деген теріс ұғым. Мұндай принциппен тамақтанудың еш пайдасы жоқ, тіпті, керісінше, оның зияны көп. Сондықтан құнарлы ас ішіп, дәруменге бай тағам ішкен дұрыс. Диетолог мамандар салмақ қосу кезінде спортсмендер ұстанатын диетаға жүгіну керектігін айтады. Олардың ас мәзірінде ақуыз мөлшері 1 кг салмаққа 2 грамнан келеді. Мысалы, салмағыңыз 45 кг болса, күніне 90 грамм ақуыз қолдануыңыз керек. Ал ол еттің, сүт өнімдері мен жұмыртқаның, жаңғақтар мен бұршақ тұқымдастардың құрамында бар. Қай өнімнің құрамында қандай мөлшерде ақуыз барын арнайы кестелер бойынша анықтауға болады.

2. Спортпен шұғылданыңыз

Спортпен айналысу денсаулық пен сұлулық үшін өте пайдалы. Түрлі жаттығулар жасау арықтағысы келетіндер үшін қалай қажет болса, салмақ қосқысы келетіндер үшін де оның орны ерекше. Тек арықтау үшін майды кетіруге арналған аэробика мен интенсивті жаттығуларды емес, бұлшықетке күш қосатын жаттығуларға көбірек көңіл бөлу керек. Десе де, көп қозғалысқа түсіп, бойыңыздағы каллорияны тұтынғаныңыздан көп жойып жіберуге болмайтынын ескеріңіз.

3. Уайымнан арылыңыз

Уайым-қайғы мен күйзеліс кез келген жанды арытып, жүдетіп жібереді. Сондықтан әркез көңіліңіз тоқ болсын. Үнемі жайдары жүріп, тек жақсылыққа ұмтылуға тырысыңыз. Егер олай болмаса, мықты диета да, диетологтардың кеңесі де түкке жарамсыз болып қалады.