Мінсіз мэйк-ап жасауда таптырмас көмекші – макияж астына жағатын негіз, яғни праймер. Оны дұрыс қолдана білсеңіз, праймер күнделікті қолданатын, макияжды бірден өзгерте алатын құралыңыз болады.
Дұрыс реңк таңдау
Макияж астына жағылатын праймердің консилерлер сияқты түрлі реңктері бар. Әрқайсысының өзінің қызметі болады. Мысалға қызғылт түрі бетке әдемі реңк беріп, жайнатады, күлгін жалпы беттің түсін жақсартады, жасылдауы беттегі қызарған жерлерді жасырады.
Шамадан тыс жағып қоймаңыз
Праймерді шамадан тыс жағып қойсаңыз, ол жиналып, макияжды құртады. Сондықтан праймерді өте жұқа қабатпен жағу керек. Бүкіл бетке бірнеше тамшы праймер жетеді. Есесіне ол ұзаққа қызмет жасайды.
Көздің асты
Макияж астна жағатын негізді көз аймағына, көздің астына жағуды ұмытпаңыз. Осылайша бұл жерде бояудың жиналып, түйіршіктенуінен сақтанасыз, әрі көз астындағы қара дақтарды, көздің ісінуі мен қызаруын жасырасыз. Айтпақшы көз маңындағы теріге, қабаққа арналған арнайы негіздер болады. Олардың үстінен жағылған бояу ұзаққа сақтала алады.
Кірпікке арналған негіз
Праймердің кірпікке жағылатын да түрі бар екен. Ол кірпіктерді ұзартып, оларға көлем береді, әрі кірпікке жағылатын тушьтың түйіршіктеніп, ағып кетпеуіне кепіл болады. Әдетте осындай праймерлерде Е дәрумені мен глицерин болады, бұл құрамдас бөліктер кірпіктерге күтім көрсетеді.
Ерінге арналған негіз
Праймердің келесі түрі ерінге, далаптың астына жағылады. Ол далаптың өте ұзаққа сақталуына септігін тигізеді, еріндерге күтім көрсетеді: ылғалдындырады, қоректендіреді. Нәтижесінде оның үстіне жағылған далап түзу жатып, әдемі көрінеді. Арнайы ерінге ғана арналған негіз алғыңыз келмесе, қарапайым бет терісіне арналған праймерді жағуға болады.
Ережені ұстаныңыз
Мінсіз макияждың ережелерін ұстаныңыз. Құралдарды осы ретімен: праймер, яғни макияж астына жағылатын негіз, сұйық реңк беруші крем және мөлдір опа жағыңыз. Соңғысы беттің артық майын реттеп, және косметиканың тұрақтылығын арттыру үшін қолданады.
Дайындаған: Сания Аринова
Сурет: hello-style.ru