Пигментті дақтар ұғымымен әйелдердің көпшілігі жолығады. Пигментті дақтар терінің қою қоңыр бөліктері. Мұндай дақтардың пайда болуын көбінесе гормонды өзгерістермен немесе ағзадағы қайта құрылыммен байланыстырады. Пигментті дақтарды біржола кетіру үшін оның пайда болу себебін анықтау қажет. Оның пайда болу себебін анықтауда тек тері мамандары ғана емес, гинеколог, эндокринолог, гастроэнтерологтың көмегі керек болуы мүмкін. Егер ішек-қарын жолында проблемаңыз болса немесе бауырыңызды тазартсаңыз, беттегі дақтарды кетіруге халықтық құралдар көмекке келеді. Пигментті дақтарды кетіруге арналған маскалар Эфир майы. Бет терісін пигментті дақтардан ағарту үшін косметологтар маска ретінде цитрусты (лимон, апельсин, грейпфрут), жалбыз және шай ағашының эфир майларын қолдануды ұсынады. Эфир майларының құр өзін қолдануға болмайды. Оларды базалық майлармен араластыру керек. Бетке бадам (миндаль), шабдалы немесе өрік дәнегінің майларын қолданған жөн, олар өте жұмсақ болып келеді. Қияр. Қиярдан жасалған маскалар бетті сергітумен қатар, дақтармен күреседі. Қиярдың суын немесе жұмсағын түрлі құрауыштармен бірге қолдануға болады. Лимон. Бет терісін ағартатын ең жақсы құралдардың бірі лимон. Бірақ цитрусты жемістер аллергия беретіндіктен, алдымен оны теріңізге тексеріп алыңыз. Лимонды сығып, оның шырынына мақтаны сулап, онымен тазартылған бет терісін сүртіп шығыңыз. Мұндай маскадан соң бетіңізді суық сумен шайыңыз. Жидектер. Пигментті дақтарды жидектер де тиімді кетіреді. Маска ретінде қызыл қарақат, құлпынай, бүрген немесе мүкжидек жақсы келеді. Жидектерді ұсақтап, шырынын сығып алу керек. Содан соң, сол шырынға мақтаны сулап, онымен бетіңізді сүртіңіз. Процедурадан соң бетіңізді суықтау сумен шайып тастаңыз. Айран. 1 стақан майлы айранға лимон суы мен зәйтүн майын құйып, араластырыңыз. Бұл қоспамен бетіңіздегі дақ бар жерлерді сүртіңіз.