Перманентті макияж, яғни татуаж – бұл бояу жағуға уақыт құртпай-ақ тәуліктің кез келген уақытында әдемі болып жүруді қалайтын қыздар үшін ұтымды шешім. Бірақ көптеген тиімді қасиеттерімен қатар, косметологияның эстетикалық бұл бағытында өзіндік кемшіліктері де бар және оларды алдын ала білу артық етпейді.
Перманентті макияж дегеніміз не?
Бет әлпетті айқындауға арналған бұл процедура микроинъекцияның көмегімен тері астына арнайы бояу енгізу арқылы іске асырылады. Арулардың көбі ерін, қас және қабаққа арналған перманентті макияжды жасатып жатады. Бұл өз кезегінде күнделікті макияж жасау жұмысын жеңілдетіп, кейбір жағдайларда тіпті косметикалық кемшіліктерді түзеуге көмектеседі, мысалы ерінді біраз томпақ ету. Перманенттің қарапайым татуировкаға ұқсас болғанымен, олардың біраз айырмашылығы бар: макияжға пайдаланылатын бояғыш заттар жарты жылдан бірнеше жылға дейін сақталады.
Татуаждың сақталу мерзімі бояғыш заттардың құрамына кіретін минералды компоненттерге және өз қасиетін тез жоғалтатын органикалық заттарға байланысты.
Перманентті макияждың артықшылығы
Қабақ, қас немесе ерінге перманентті макияж жасатпас бұрын олардың кемшіліктеріне қарағанда артықшылығы көп екенін ескерген жөн. Бұл:
- тері кемшіліктерін кетіруге мүмкіндік, оның ішінде жас ерекшелігіне байланысты кемшіліктер;
- декоративті косметика қолдану мәселесін шешу, өйткені бетіңіз әрдайым бояу жаққандай әдемі болып тұрады;
- косметика құралдарына аллергиясы бар жандар үшін ұтымды шешім;
- сауна, монша және тағы басқа суға түсу шараларын жақсы көретін арулар үшін оңтайлы шешім, өйткені бұдан кейін косметика ағып кетпейді.
Татуаждың кемшіліктері
Басты екі кемшілікті атап өтуге болады:
- татуаж реңкінен қалаған уақытта арылуға мүмкіндік болмайды;
- нәтиже көңіліңізден шықпай қалу қауіптілігі, ал оны мезгілінен ерте кетіру үшін біраз уақыт пен шығындалу керек болады.
Соңғы жағдайда бұл істің шеберін іздеуге тура келеді. Ол клиенттің бар қалауын барынша орындауға, табиғи қалыпқа ұқсатып жасауға тырысады.
Қолдануға болмайтын жағдайлар
Перманентті макияжды сапалы жасайтын салондарда, маман ешқашан тек клиенттің қалауын басшылыққа алып, жұмысқа кірісе кетпейді. Татуаж жасауға болмайтын жағдайлар да болады, мұны әр адам және әр маман жақсы білуі тиіс. Мысалы, қант диабеті, тері аурулары, онкология, жүктілік кезінде, қан ұйығыштыққа бейім болғанда, сонымен қатар теріге тыртық тез қалатын жағдайларда бұл процедураларға тыйым салынған.
Сурет: besmart.kz, www.biglion.kz, prodengi.kz
Дайындаған: Анар Мұстафина