"Өзіңізді жақсы көріңіз", "Өзіңізді сұлу сезініңіз" деген сөзді жиі естиміз. Ал қалай екенін ешкім айтпайды. Көңіл күйіңе байланысты, өзгелердің назары мен мақтауына байланысты, жарықтың жақсы түсуіне, жағымды күйде болуға және басқа да себептерге қатысты өзіңді әдемі сезінуге болады. Ал олардың бірі де болмаса ше? Онда адам өзін келбетті етіп көруге арнайы психологиялық жаттығулар көмектеседі.
Өзіңізге күтім жасағанда ойыңызды өзгертіңіз
Таңдаған тағамыңызды артық салмақ қоспау үшін емес, пайдалы болғаны үшін жеп жатырмын деп есептеңіз. Сонда ол сізге жеңілдік сезімін сыйлап, бойыңызға сенімділік орнатады. Жаттығу залына калория жою үшін емес, жай ғана жанға жылу сыйлағаны үшін барамын деп өзіңізді сендіріңіз. Сонда ол жақта уақытты көңілді өткізесіз, денеңіз күшті әрі берік бола түседі. Денеңіздегі кемшілікті алға тартпай, ішіңізде үйлесімдік орнату үшін ғана өзіңізге күтім жасаңыз.
Ұнамайтын дене мүшеңізбен "достасыңыз"
Он екі мүшесін түгел мінсіз санайтын жан кемде-кем шығар. Адамның өзіне әйтеуір бір жері жағымсыз көрініп тұрады. Сұлулығыңызға сын келтіріп тұрған жеріңізбен қалай татуласасыз? Өзіңізге ұнайтын бірнеше фотсуретіңізді алыңыз. Кеудеңізді көтеріп, тік отырыңыз да, суретке мұқият қараңыз. Содан соң сырт келбетіңізде өзіңізге не ұнайды, не ұнамайды – осыны тізіп жазып шығыңыз. Бейнеңізге мін тағып тұрған қай жеріңіз, жақсылап ойланыңыз. Оның пішінін, ұзындығын ойлаңыз, ол туралы кім қандай мақтау айтып еді, еске түсіріңіз. Сол мүшеңізге өзіңіз жақсы сөз ойлап табыңыз. Кемшілігін ойлаңыз да, бірден әлгі жақсы сөзді ойға алыңыз. Осы жаттығуды қайталап орындаңыз.
Шұғыла шашып жүріңіз
Барған жеріңізде нұр шашып тұратындай жағдайға жеткіңіз келсе, дене бітіміңізге көңіл бөліңіз. Өзіне сенімді, тартымды адам басын тік ұстап, иегін сәл көтеріп, бүкіреймей кеудесін тіктеп, күлімсіреп жүреді. Сырт көз –сыншыдан еш қорықпайды. Өзіне өте сенімді кімді білесіз, сол кісінің дәл осы қасиетін үлгі тұтыңыз. Өзіңізді барлығы құрметтеп, мақтап жүретін фильмнің бас кейіпкеріндей сезініңіз. Адамдар сізге тамсана қарап, мадақ сөздерін жаудырып жатқанын елестетіңіз, сонда қандай күй кешер едіңіз, дәл қазір бастан өткергендей сезініңіз.
Ішкі әлеміңізге саяхаттаймыз
Ол үшін ыңғайлы жерге жайғасып, көзіңізді жұмыңыз. Терең, баяу, бәсең тыныстаңыз. Қолыңыз, аяғыңыз қалай ауырлағанын сезініңіз, денеңіз қалай босаңсығанын байқап, сол сәттен рахат алыңыз. Содан соң сізге зор сенімділік сыйлайтын нұрдан нәр алғандай, тылсымнан сұлулық кеп құйылғандай күй кешіңіз. Сенімділік қуатын, ішкі әлеміңіздің шапағатын сезініңіз. Өзіңізге сенімділігіңіз әлсіреген сайын осы жаттығуды қайталап отырыңыз.
Жүзіңіз жарқырай түссін
Көзіңізді жұмып, бет-әлпетіңізді көз алдына келтіріңіз. Аса нәзік, өте құнды нәрсені ұстағандай бетіңізге қолды ақырын тигізіңіз. Өз бетіңізді өміріңізде бірінші рет көріп тұрғандай күйге түсіңіз. Оған ең жақсы көретін жақпамайды жағып жатырмын деп ойлаңыз. Жақпамай бетке сіңіп, әр әжімді тегістеп, көз қыртысын ылғалдандырып жатқанын сезініңіз. Ақырын тыныстап, әр дем шығарған сайын бетіңіздің әр нүктесіне күлімсірей қараңыз. Қараған сайын бетіңіз жарық шашып тұрғандай болсын. Айнаға қараған сайын осы сезімдерді еске түсіріңіз.