Өз-өзіңді күтіп ұстаудың ережелері

Әдемі әйел мен өзін күтетін әйел – екі бөлек ұғым. Егер біріншісі – құдайдың берген сыйы болса, екіншісі – сіздің уақытыңыз бен еңбегіңіз. Және әрбір адамға әдемі болу жазылмағанымен, өзін-өзі күту әркімнің өз қолында.

Шаш
Шаш әрдайым таза, таралған, жинақы болуы керек. Кейбіреулері сол үшін басын күнде жууы мүмкін. Егер шашыңыз қысқа болса, айына бір рет шаштаразға барып, пішінін жоғалтпауға күш жұмсау керексіз. Егер шашыңызды әрдайым бояп жүретін болсаңыз, түбінен өз шашыңыз өсе бастағанда кейпіңізді құрта бастайды. Ай сайын шашыңызды бояғыңыз келмесе, шашыңыздың табиғи түсінен 1-2 түске ғана ерекшеленетін түстерді таңдаңыз.

Тері
Қатайған, жарылған тері, майланғаннан шекенің жылтырауы, жарылған ерін, қара нүктелер, безеу бет – өзін-өзі күтетін әйел ешқашан мұндайға жол бермейді. Қандай да бір кремдер мен майларға жүгінерден бұрын, бәлкім косметологқа қаралып, теріңіздің типін анықтап, кеңес алғаныңыз дұрыс болар? Тері күтімінің күнделікті жоспарына теріні тазалау мен ылғалдандыру және құнарландыру кіру керек. Ол үшін маска не крем қолдансаңыз болады. Ал аптасына 1-2 рет пилинг немесе скраб жағып, тазалап, артық жүндерді қырып отырған жөн.

Қол
Тұрмыстық химиямен, сумен және топырақпен байланысты үй тірліктерін арнайы қолғап киіп жасаңыз. Маникюр әрдайым толыққанды, ет-терісі күтілген, тырнақ егелген, қолдарыңыз ойылмаған болсын.

Макияж
Артық макияж жақпаңыз. Назарды не көзіңізге, не ерініңізге салыңыз. Өте қарапайым, ұқыпты макияж жасауға тырысыңыз. Көзіңіздің бояу жартылай кетіп қалған, сүрмеңіз жағылып қалған, помадаңыз жартылай өшкен түрде жүру сырт көзге қалай көрінетінін елестете беріңіз. Сөмкеңізде әрдайым тер сіңіргіш майлық, мақталы таяқша, опа сауыт, корректор, ерінге арналған жылтыр далап болсын.

Киім
Жеңіңізге тамып кеткен кішкентай дақ немесе көйлегіңіздің етегі бүктелініп қалғаны білінбейді деп ойлайсыз ба? Жалпы оған бас қатыруға уақыт жоқ дейсіз бе? Бірақ сіздің жалпы көрінісіңіз осындай ұсақ-түйектен құралады! Умаждалған көйлек, салбыраған жіптер, шаң-шаң туфли иесі жайлы жақсы көзқарас тудыра қоймас. Өзін-өзі күтетін әйел өзіне не жарасатынын, қандай түстер жүзін ашатынын білуі керек. Қыпша беліңіз болса, әдемі белдікпен айқындаңыз, әдемі білекті сәнді білезікпен, ал аққу мойыныңызды сәйкесінше ашық декольтемен көрсетуге тырысыңыз.

Әрдайым әдемі болып жүріңіздер!

Сурет: badfon.ru

Дайындаған: Анар Мұстафина