- Негізгі бет
- Сымбат
- Өсіп кеткен маникюрді...
Өсіп кеткен маникюрді қалай жасыруға болады?
Өсіп кеткен маникюр — әр қыз өмірінде бір рет болсын жолыққан проблема. Бұл процедураға уақытында баруға мүмкіндік болмауының себебі көп: шебердің көшіп кетуі, ауырып қалу, жұмыстан шыға алмау, қаржылық қиындық және т.б. Мұндай кезде өсіп кеткен маникюрді уақытша жасырып, түрлендіруге болады. Оған бірнеше идея ұсынамыз.
Маникюрдің өсіп кеткен бөлігін жапсырмалы моншақпен жасырыңыз
Егер бұрынғы маникюріңіз біртүсті болса, осы идеяны жүзеге асырып көріңіз. Өсіп кеткен гель-лакты жасыру үшін жапсырмалы моншақтар, арнайы желім және түссіз лак керек. Алдымен тырнақтың ашық бөлігіне моншақтарды жабыстырыңыз, содан соң тырнақты және моншақтарды қосымша қатайту үшін түссіз лакпен бояп шығыңыз.
Тырнаққа түзу сызықтар салыңыз
Бірнеше жыл қатарынан біртүсті маникюр, минимализм стиліндегі тік және көлденең сызықтар трендте болды. Егер өсіп кеткен гель-лакты жасырғыңыз келсе, осы трендті өзіңіз қайталап көріңіз.
Тырнаққа арналған жапсырмалар қолданыңыз
Жапсырмаларды тек біртүсті маникюрге қолдана аласыз. Жапсырманы тырнаққа жабыстырғаннан кейін сыртынан түссіз лакты бір жағып шығу керек.
Тырнақтың өсіп кеткен бөлігін басқа түсті лакпен бояңыз
Тырнақтың өсіп кеткен бөлігін маникюріңіздің түсіне қарама-қарсы түспен бояп көруге болады. Бастысы, қарапайым лактың тығыздығы гель-лактікімен сай болғаны дұрыс немесе қарапайым лакты кептіріп отырып, бірнеше қабат етіп жағу керек.
А. Жапатова