Орындықта отыру этикеті

Орындықта отыру этикеті

Өзгені құрметтеу арқылы өзіңді сыйлата аласың

Рене Декарт

Адамның мәдениеттілігі, тәрбиелігі, әдептілігі өзін-өзі ұстауынан анық көрінеді. Лайықты өмір сүру өз қолыңда. Бақытты өмір бақытқа лайық жандардың ғана басына қонады. Ал, жақсы өмір сүрудің бірінші баспалдағы адамның өз-өзін ұстауынан басталса керек. 

Бүгін біз әдемі қыздарымызға қалай дұрыс отыру керектігі туралы әлімізше әңгімелейміз. Иә, иә, адамның отырысының өзі оның мәдениеті туралы айғайлап тұрады...

Есте жоқ ескі замандарда, ел қатты орындыққа отырып жүргеннің өзінде этикет мектебінен өткен жандар орындыққа отырғанда, кеуделерін тік ұстап, мәдениетті отыруға тырысатын. Ал қазір тіке қатты орындықтардың аз шығарылуына әрі орындықтардың түр-түрінің пайда болуына байланысты, біз өзімізді еркін ұстап отыруға мәжбүрміз. 

Дегенмен, босаңсымаңыз...

Жұмыста орындық таңдауға мүмкіндік болса, орындықты мүсініңізге орай таңдағаныңыз жөн. Егер толық, қысқа бойлы болсаңыз, биік арқалы орындықта әдемі көрінбейсіз. Сізге ұзын аяқтыларға жараспайтын аласа, жалпақ орындықтар сай келеді. 

Орындықта отырып, аяқты айқастырып қойып, қайта-қайта сілкілей берсеңіз, жаныңызда отырған жандарға ыңғайсыздық тудыруыңыз мүмкін. Және аяқты айқастырып отырғанда, көйлегіңіздің етегінің ұзын не қысқалығына назар аударғаныңыз жөн. 

Ал әлсін-әлсін босаңсып кете берсеңіз, үйде айна алдында орындыққа отырып жаттығыңыз. Ішіңізді тартып, иығыңызды тіктеп, аяғыңызды бір-біріне жақын қойып отырыңыз. Екі аяғыңызды жинаулы түрде бір жағына қарай қисайтып қойыңыз. Отырысыңыз әдемі ме? Әлбетте...

Әдеміліктен бұрын, жұмыс күнін орындықта отырып өткізетін бикештер қалай-солай отырудың денсаулыққа келтіретін зиянын да біліп жүргені жөн. Орындықта отырғанда, барлық күш бөксеңізге түседі. Денені қатты тік ұстаймын деп басыңызды шектен тыс қақайтып жібермеңіз. Денсаулығыңызға бей-жай қарамай, бір сәт орындықтан тұрып, кеңсе ішімен серуендеп келіңіз.

Э. Вандербильттің "Этикет" кітабының негізінде дайындаған: Мейіргүл Оңғарова

Сурет: samsay.ru, delovik.biz

Р. Роза