"Табиғи, демек пайдалы" ұғымы дұрыс екенін косметолог мамандар баяғыдан аңғарған. Осыған орай органикалық косметика үлкен танымалдыққа ие бола бастады. Органикалық косметика деген не? Ол несімен жақсы?
Органикалық косметика тек табиғи компоненттер негізінде жасалады. Олар құрылысы бойынша біздің ағзамызбен үйлесімді болғандықтан, оған еш зиян тигізбей, керісінше пайдасын береді. Органикалық косметикалық құралдар 95%-ға табиғи құрамдас бөліктерден тұрады. Оны даярлауға экологиялық таза жерде өсірілген, химиялық тыңайтқыштар қолданылмаған өсімдік түрлері ғана пайдаланылады.
Әрине бұндай косметикада да консерванттар жоқ емес, алайда олар да табиғи заттардан жасалады. Органикалық косметика дайындауда қара үйеңкі қабығын, грейпфрут сүйектерін, розмарин, барбарис экстракттерін, Е дәруменін және басқа да табиғи заттарды қолданады. Үйреншікті синтетикалық косметикаға қарағанда, органикалық түрлерінде био белсенді табиғи компоненттер болады. Олар ағза үшін зиянды емес. Бұндай өнімдерде 50%-ға көбірек дәрумендер мен минералдар және басқа да қоректендіргіш микроэлементтер бар. Органикалық косметика өндіруде жоғары технологиялар қолданылады: өсімдіктерді жылдың белгілі бір уақытында, белгілі бір температура мен қоршаған ортаның жағдайында ғана жинайды. Бұл кезде сол өсімдіктердің пайдалы заттар бөлу қасиеті әлдеқайда жоғары болады. Органикалық косметика ағзаны уландырмай, керісінше ағзадан артық кір-қоқыстарды шығарады.
Органикалық косметиканың сапалы болғаны шарт. Қорабында сертификация белгісінің бар екендігіне көз жеткізіңіз. Ең жиі кездесетіндері: EcoCert пен CosmeBIO (Франция), BDIH (Германия), ICEA AIAB (Италия) және USDA (АҚШ).
Мұндай косметиканың ең жақсы жері - ол аллергия қоздырмайды. Қарапайым косметикадағы синтетикалық дәрумендер, бояулар мен химиялық консерванттар адамның аллергик болуына ықпал жасайды. Ал органикалық косметика тіпті, уақыт өте аллергияны жазуы мүмкін.
Органикалық косметиканы қолдану - қоршаған ортаны сақтауға бір қадам. Көптеген жұлдыздар осындай косметиканы қолдану арқылы өздерінің экология жағдайына алаңдайтындықтарын көрсетеді. Органикалық косметиканы өндіретін компаниялар жануарларға тест өткізбейді, көп жағдайда косметиканың қораптары да органикалық, уақыт өте өзі ұсақталатын болады.
Органикалық косметиканың сыртында міндетті түрде organic деген белгі болады. Dr.Hauschka, The Body Shop, Living Nature мен John Masters Organic маркалы органикалық косметикалардың танымалдығы жоғары. Айта кетсек, органикалық косметика қарапайым косметиканың бағасындай-ақ тұрады.
Ал сіз органикалық косметика қолданып көрдіңіз бе?
Дайындаған: Сания Аринова
Суреттер:thegloss.com