- Негізгі бет
- Сымбат
- Өнімнің сырт келбетке...
Өнімнің сырт келбетке әсері
Көз астындағы ісік, оның қызаруы, терінің қызыл түске енуі гендерлік немесе жас ерекшеліктеріне байланысты ғана орын алып отырады деуге болмайды. Оның өзге де себебі болуы мүмкін. Әдетте көпшілік мұндай сырт келбет өзгерісі нендей өнім тұтынатынына байланысты орын алуы мүмкін екенін біле бермейді. Бұл күнделікті азық-түліктің де ықпалы бар деген сөз. Сондықтан, адамның келбеті нұрланып, дені сау қалыпқа енуі үшін кейбір тағамдарды рационнан алып тастаудың өзі жеткілікті.
Бірінші - лактоза
Ересек адам ағзасы кейде қаймақ, ірімшік, йогурт, сүзбе мен сүтте кездесетін лактозаны сіңіре алмайды. Көздің үнемі ісіп жүруі, қара шеңберлердің пайда болуы - лактоза үзілісін жасау уақыты келгенін білдіретін анық белгілер. Кішкентай ақ түсті безеулер де сүт өнімдерінен пайда болуы мүмкін. Егер адамның лактозаға аллергиясы жоқ болса, сүтті рационнан мүлдем үзілді-кесілді алып тастаудың қажеті жоқ. Керісінше, арнайы фермалардан тасымалданатын, табиғи таза өнімге көшкеніңіз абзал. Егер оның бет терісіне әсері туралы айтатын болсақ, сүтті түнде ішудің сырт келбетке кері әсері зор. Себебі, күннің екінші жартысында ағза лактозаны сіңіре алмайды.
Екінші - қант
Кейде терінің қараюы мен келбеттің шаршаңқы көрінуіне ұйқының қанбауы ғана себеп болмайды. Оған қосымша себептер болуы мүмкін. Мысалы, торттар, тәтті ұн өнімдерінің барлық түрлері, шоколад сынды тәттілер стресс гормонының, кортизолдың күрт артуына ықпал етеді. Бұл теріде бөртпелер мен әжімдердің пайда болуына, сондай-ақ, қастың жұқаруына алып келеді. Өйткені инсулин секірісі бүйрек үсті безіне теріс әсер етеді. Осы орайда, тәтті мөлшерін азайтуға немесе оны кептірілген жемістермен алмастыруға кеңес береміз. Бірақ мұнда оларды тұтыну уақытын ескерген жөн. Қант өнімін қабылдау аралығы 3-4 сағатты құрауы тиіс. Тамақтан кейін де бірден тәттілерді жеуге болмайды. Ағзаңызды сәл демалтып алыңыз.
Үшінші - глютен
Құрамында глютен бар бидай, арпа және басқа да дәнді дақылдардағы күрделі ақуыз ерте ме, кеш пе теріде пигментацияның пайда болуына алып келеді. Дәрігерлер бұл жағдайда рационға көкөніс пен жемістерді, талшықтарға бай тағамдарды қосуды ұсынады. Олар ісікті жоюға және қан құрамын жақсартуға көмектеседі.
А. Оралқызы