Өкшенің жарылуы – сирек құбылыс емес, әсіресе ашық аяқ киім кигің келетін жаз мезгілінде. Дене салмағы толығымен аяққа түсетіндіктен, өкшеге де біраз күш келеді. Арнайы күтім жарылудың алдын алып, кейбір нұсқаулықтар жараның тез емделуін қамтамасыз етеді.
Өкше неге жарылады?
Өкше түрлі себепке байланысты жарылады:
- теріге қажетті дәрумендердің жетіспеуі;
- дұрыс емес аяқ киім;
- эндокриндік аурулар;
- дерматологиялық аурулар немесе қышыма қотыр;
- аяқтардың ұзақ уақыт бойы жоғары температурада болуы.
Көптеген жағдайда өкшенің жарылуына авитаминоз себеп болады. Ыңғайсыз немесе дұрыс таңдалмаған аяқ киім де – мәселе тудырады. Күн жылыда қыздар вьетнамка және босоножкаларға өтеді. Бұдан өкше әрдайым ашық болады. Температуралардың өзгеруіне үйренбеген терінің мүйіз қабаты қатайып, жарылуға әкеледі. Бірақ өкшеге қауіп тек жазда ғана емес, қыста да төнеді. Қыста жылы аяқ киім, әсіресе синтетикалық материалдардан жасалғандар теріге ауа жібермейді, нәтижесінде тері құрғайды. Мұндай ортада ауру тудыратын бактериялар тез көбейеді. Олар ұсақ жарықшақтардың арасына орналасып, үлкен мәселелер тудыруы мүмкін.
Демалыс кезінде ыстық құмның үстінде жалаң аяқ жүгіріп, ұзақ уақыт көлге шомылсаңыз да өкшеңіз жарылып кетуі мүмкін.
Егер дәрумендер қабылдап, аяғыңыздың терісін күтіп жүген болсаңыз, ал өкшеңіз бәрібір жарылатын болса, онда дәрігерге қаралған жөн. Кейде мұндай зақым зат алмасудың бүлінуінен, мысалы, қант диабеті немесе гипотиреоздың салдарынан болып жатады. Ауруды асқындырып алмау үшін дәрігерге баруды тез қолға алыңыз.
Өкшенің жарылуын емдеу
Жарылған өкшені емдеудің көптеген тәсілі бар, бірақ бәрінің басты мақсаты: қатқан теріні жұмсарту (мұны аяқты ыстық суда булау арқылы қол жеткізуге болады) және кеуектас арқылы қырып тастау. Тез қалпына келтіру үшін бірнеше күн бойы шипалы компресс жабыстыру керек немесе жатар алдында аяққа майлы крем жағып қою қажет.
Екі леген алып, біріне ыстық, ал біріне салқын су құйыңыз. Бұдан кейін бір легеннен екінші легенге адымдап жүріңіз, салқын суда аяғыңызды 10 секунд, ал ыстық суда 2 минут ұстаңыз. Контрасты ванна 10 минут жасалады және өкше жарылғанда ғана емес, шаршағанды басу үшін, қан айналымын жақсарту үшін және қан тамырларының қабырғасы қатайту үшін өте пайдалы.
Екі литр ыстық суда жарты шай қасық минералды сабын мен үлкен қасық ас содасын араластырыңыз. Аяғыңызды осындай ваннада 10 минут ұстаңыз. Кейін кеуектаспен жарылған жерін ақырын үгітіңіз. Жалпы, мұндай процедураны аяққа зиян тигізіп алмас үшін маманнан кеңес алып алған жөн. Өкшенің жарылуын емдеу үшін сабынды-содалы ваннаны 10 күн бойы жасайды, ал келесі курсты тек 4 аптадан кейін жасау керек.
Бүгінде дәріханаларда өкше терісін жұмсартатын арнайы препараттардың түр-түрі сатылады. Мұндай құрамдар көбіне арнайы рецепт бойынша жасалады және өкшеге жатар кезде жағылады, бұдан кейін мақта мата шұлық киіліп, ал таңертең құрам жуылып тасталады.
Сурет: stopa.kiev.ua
Дайындаған: Анар Мұстафина