Әйелдер қауымы бетпен бірге дене бітімінің және аяқ-қолы терісінің де мінсіз болғанын қалайды. Алайда жаз айларында көптеген адамдардың өкшесі жарылып, мазасы қашады. Мұндай өкшемен өзіңізді еркін ұстап жүре алмайсыз. Ендеше өкшеңіздің жұмсақ әрі тегіс болуы үшін аяқ күтіміне аздап уақыт бөліп, төмендегі емді жасап көріңіз.
Адамның өкшесі түрлі себептерге байланысты жарылады. Мәселен, дұрыс таңдалмаған аяқ киім де өкшеңізге айтарлық зиян тигізеді. Әсіресе қыздар қауымы жазда жан-жағы ашық, жеңіл аяқ киім кигенді ұнатады (вьетнамка және босоножка). Температураның өзгеруіне үйренбеген теріңіздің беткі қабаты қатайып, содан жарылуға алып келеді. Аяқтардың ұзақ уақыт бойы жоғары температурада болуы өкшенің жарылуына әкеледі. Мәселен, демалыс кезінде ыстық құмның үстінде жалаң аяқ жүгіріп, ұзақ уақыт көлге шомылсаңыз да өкшеңіз жарылуы мүмкін. Тағы бір басты себеп – теріге қажетті дәрумендердің жетіспеуі. Ағзаңыздағы зат алмасудың бұзылуы, қант диабеті т.б. аурулардың себебінен де өкше жарылады. Сондықтан арнайы дәрігерге қаралып, алдын-ала тексерілген жөн.
Жарылған өкшенің ең басты емі – қабыршақтанған теріні тазалап, өкшені жұмсарту. Ол үшін әуелі тырнаққа арналған егеуішпен жарылған өкшені егеп, тазалайсыз. Содан кейін ғана аяққа арналған былау жасауға болады. Ол үшін ыдысқа ыстық су құйып, әрбір 1 литрге 1 шай қасық ас содасын саласыз. Сонымен қатар қалақай, жалбыз шөптерінің тұнбасын қосса да пайдасы арта түседі. Теріңіз құрғақ болса да тері (өкше) бірінші жарылады. Сондықтан эфир майларын қосуыңызға болады.
Жожоба майы – теріні жұмсартып, нәрлендіреді. Ол теріге терең сіңіп, ұзақ уақыт бойы құрғап кетуден сақтайды.
Шабдалы майы – жарылған жерді емдеп жазып, теріні жұмсартады.
Бадам майы – құрғақтықты жояды. Қабыршықтанған теріні жазатын қасиетке ие.
Авокадо майы – жарылған жерді тегістеп, құрғақ теріні ылғалдандыратын қасиеті бар. Аталған эфир майларын сатып алмас бұрын, ішіндегі анықтама парақшасымен танысып шығыңыз. Бәрінің мақсаты бір болғанымен, олар адамға әртүрлі әсер етеді. Сіздің теріңізге сәйкес келетін таңдап, нұсқаулықтан суға қанша мөлшерін қосуға болатынын анықтап біліп алыңыз.
Аяққа 15-20 минут былау жасағаннан кейін, міндетті түрде кеуектаспен жарылған жерді тазалап, артынан жуып тастаңыз. Содан соң аяққа арналған крем жағыңыз немесе жожоба майын жағыңыз. Былау бір дегенде ойыңыздағыдай нәтиже бермеуі мүмкін. Сондықтан бұл былауды уақытылы күн сайын жасап тұрыңыз. 5-7 рет жасалған былаудан кейін өкшеңіз тегістеліп, жұмсара бастайды. Сұлу өкшеге қол жеткіземін десеңіз, бастаған ісіңізді аяқсыз қалдырмаңыз.