"Неткен ұсқынсыз едім?!"

"Неткен ұсқынсыз едім?!"

Өз дене бітіміне көңіл толмаушылық көп адамда бар. Әсіресе, өтпелі кезеңдегі жеткіншектер сыртқы болмысынан мін тауып, оған кінәлі адамды іздеумен болады. Айнаға қарап тұрып, өмірдегі ең жек көретін адамын көріп тұрғандай сезімге бөленеді. Өз-өзін ұнатпау, өз-өзін төмендету – осал адамның ісі. Өзіңді жақсы көрсең ғана әлем сені ұнатады. Сондықтан, "Неге әдемі емеспін?", "Неге фигурам жаман?", "Бұтым неге қисық болды екен?", "Мойным неге қысқа?", "Семізбін", "Қатты арықпын", "Бойым кішкентай, кішкене ұзын болғанда ғой", "Мені ешкім ұнаатпайды, түрім сондай жаман" деген сияқты сөздерді енді есіңізге алмағаныңыз жөн. Өмірде өз-өзінің сыртқы болмысына көңілі толық толатын адам жоқтың қасы. Ең әдемі мүсіннің иесі деп жүрген құрбыңыз да: "Ой, менің бетім таза емес" деп, әйтеуір өзінен бір мін табады. 

Әлбетте, өз-өзімізге көңіл толмаушылық өзімізден әдемі, өзімізден сымбатты адамды көрген соң, үдей түсетіні сөзсіз. Әсіресе, жарнамалардағы супермодельдер көңіл-күйімізді түсіріп жібереді. 


Бірақ әр адам ең алдымен мінезімен, ақылымен, жан-дүниесінің байлығымен көрікті екені есіңізде тұрсын. Бір бейтаныс кісіні суретінен көріп: "Түрі жаман-ақ" деп ойлаған соң, онымен бір кездесіп, әңгімелесіп көріңізші! Ол адам сізді ақылымен өзіне тартып алуы мүмкін. Кездесуден соң, ол әлемдегі ең сұлу адам болып көрінбей ме? Немесе түрі сондай сұлу адаммен 1 сағат әңгімелескен соң, қайтып кездескіңіз келмей қалатын жағдайларға не дейсіз? Бұндай оқиғалар әр адамның басынан өтеді деген сенімдемін. 

Көшеде сұлу қыз бен түрі онша емес жігіт қол ұстасып кетіп бара жататын жағдайлар да болады. Яғни, біз адамдарды сыртқы келбеті әдемі болғаны үшін жақсы көрмейміз. "Сұлулық – сұмдық күш" екені рас, дегенмен, қай-қай адамның бойында өзінің ең әдемі, ең сүйкімді тұсы болады. Ол жоғарыда айтылған мінезі, ақылы, қылығы, өз-өзін ұстауы, сөйлеуі, білімі, жүрісі, күлкісі т.б. болуы мүмкін. 

Сырттай әдемі болу – өз қолыңызда. Шашыңызға, қолыңызға, бетіңізге керемет күтім жасап, кемшілігіңізді жасыратын киімдер киіп жүрсеңіз, спортпен шұғылдансаңыз, сізді әдемі емес деп кім айтады? Сән үлгілері туралы жаңалықтарды оқып жүруді, оқумен қатар, іс жүзінде қолдана білуді үйренгеніңіз жөн. Әдемі боп жүру туралы кеңестерді біз күн сайын жазамыз. 

Адамды ең сұлу қылатын дүние – махаббат! Сүю, сүйікті болу. Махаббат адамның жан-дүниесін нұрландырады. Жан-дүниенің тыныштығы сыртқы келбетке әсер етіп, сіз ең әдемі жанға айналасыз. 

Пенде баласы ең алдымен өз-өзін жақсы көріп, өз-өзін ерекшемін деп ойлауы керек. "Менің қолымнан келеді, өйткені мен ол – мен!" деп ойлаңыз. "Мені ешкім қайталай алмайды" деген ой миыңызда тұрсын. Жанна Жұмалиеваның аяқтарындай ұзын аяқтарыңыз болмай-ақ қойсын, Айнұр Төлеуованікіндей мүсіннің де қажеті жоқ. Расымен біз әрқайсымыз бір-бірімізге ұқсамайтын жаратылыстармыз. Әрқайсымыз өзімізше сұлумыз...

Дайындаған: Мейіргүл Оңғарова

Сурет: vashhirurg.ru, anyatank.ru, mail.ru

Р. Роза