- Негізгі бет
- Сымбат
- Мұртшаны жұлу тәсілдері...
Мұртшаны жұлу тәсілдері
Бапталған жылтыраған шаш – әр қыздың мақтанышы, алайда бұл шаш сәніне ғана қатысты. Ал егер жағымсыз қылшықтар беттің көрінетін аймағында шықса не істейміз?
Жағымсыз түк
Әдемі болу үшін бет әлпеттің келістігі мен ұзын аяқтар аздық етеді. Теріңіз жұмсақ әрі тегіс болмаса, бет әлпетіңіз күтілген болып саналмайды. Өкінішке орай, сырт келбеттің сұлулығын күту үшін кейде кремдер мен маскалар аздық етеді. Бетке шығатын жағымсыз түк кейбір қыздарда үлкен проблема тудырып жатады.
Әйелдер бетінде түктің өсуіне түрлі факторлар себеп болуы мүмкін: тұқымқуалаушылық, ұлттық ерекшелік, сонымен қатар, жас аналар мен 45 жастан асқан әйелдер шалдыққыш келетін гормондық шабуыл. Егер сіздің бетіңіз бен денеңіздің кейбір аймақтарында қошқыл түктер көп болса, дәрігерге қаралып, ағзаның гормондық жағдайын тексерткен жөн.
Отбасыңыздағы басқа да әйел адамдар гормондық тұрғыда зардап шекпеді ме екен? Соны біліңіз. Бәлкім, бұл мәліметтер дәрігерге дұрыс диагноз қоюға көмектесер.
Сұлулық құпиялары
Еріннің үстіңгі жағынан шығатын мұртшаны үй жағдайында жұлып алып тастауға болады. Мұнда ең бастысы табандылықпен әрекет ету. Есіңізде болсын, үлпе түкпен күрестің өзінде эпиляция пайдаланған жөн. Ешқашан түктерді ұстарамен қырмаңыз, әйтпесе үрпиген қылшықтар білініп тұратын болады.
Бетке эпиляция жасату тәсілдерінің ең кең тараған түрі – қысқышпен немесе жіппен жұлу. Бұл түктері аса көп емес қыздарға жарайды. Мұндай процедураны іске асыру кезінде терінің сезімталдығын басатын текше мұз көмекке келеді. Тітіркендірудің алдын алу үшін міндетті түрде эпиляция аймағын, саусақтарыңыз бен қысқышты дезинфекциялап алыңыз.
Бүгінде косметикалық фирмалардың көбі беттегі түкті жоюға арналған арнайы құрылғылардың небір түрлерін ұсынуда. Өнімнің сапасына көңіліңіз толса, депиляцияға арналған кремді пайдаланып көріңіз. Мұндай құрылғының артықшылығы, крем тек қырып қана қоймай, қылшықтарды жойып жібереді, сондықтан уақыт өте келе олар өсуін тоқтатады. Сонымен қатар, мұндай депиляцияны өзіңіз бірнеше минутта жасай аласыз. Құрылғыны пайдалану жайлы нұсқаулықта жазылған барлық талаптарды міндетті түрде орындаңыз және теріні зақымдап алмас үшін кремді мерзімінен асырып пайдаланбаңыз.
Егер ауруға шыдамды болсаңыз, бет эпиляциясына арналған балауыз немесе балауызды жолақшаларды пайдалансаңыз болады. Басты қулық – балауызды жолақшаны тез жұлып алу – ауруды сезбей қалуға мүмкіндік береді.
Егер жағымсыз қылшықтар саны аз болса, онда радикалдық шараларға бару міндетті емес. Бәлкім, сізге жеңіл ағарту жарап қалар. Әрине, нәтиже бірнеше процедуралардан кейін бір-ақ байқалады, есесіне сіз ауру мен терінің тітіркенуін болдырмайсыз. Ол үшін таңертең және кешке теріні сутек тотығымен сүртіп отырыңыз. Абай болыңыз: шаштың құрылымына байланысты түк ағарып емес, сарғайып кетуі мүмкін. Онда салонға баруға тура келеді.
Сурет: plastic-beauty.ru, wday.ru
Дайындаған: Анар Мұстафина