Мойын терісі өте жұқа болып келеді. Ол түрлі факторлардың негативті әсеріне тап болады: нашар экология, дұрыс емес өмір сүру салты мен дұрыс емес тері күтімі. Мұның барлығы мойындағы әжімдер – "Шолпан сақиналарының" пайда болуына ықпал етеді. Мұндай әжім жасы ұлғайған әйелдерде де, жас қыздарда да пайда болуы мүмкін. Оны кетіру ұзақ уақытты әрі күрделі жұмысты қажет етеді. Сондықтан оның алдын алу жолдарын қарастырған жөн.
Мойында әжімнің пайда болу себептері:
- Тұқым қуалаушылық;
- Жас өзгерістері;
- Дұрыс емес күтім;
- Зиянды әдеттер: қисық омыртқа, бүкірейіп жүру, отырыңқы өмір салты және т.б.
- Ультракүлгін сәуленің негативті әсері.
Тері күтімі
Мойын мен кеуде тұсы терісін дұрыстап тазарту маңызды. Үйден аптасына бір рет пилинг жасауды қолға алыңыз. Бірақ мойын терісі әлсіз болғандықтан оны зақымдап алмас үшін жұмсақ пилинг жасаңыз. Оны қатты уқаламай, жай массаждық қозғалыстармен сипап жасау керек. Негізі мүмкіндік болса, үй мен салондық күтімді бірге алып жүрген жақсы. Айына бір рет косметологқа барып, мойын мен кеуде тұсы терісіне арналған күтім жасатуға болады. Бетіңізді әр жуған сайын және крем жаққан сайын бірден мойынға да істеуді әдетке айналдырыңыз.
Жаттығу мен массаж
Таңертең, кешке және демалыс күндері уақыт тауып, тері сергектігін сақтауға арналған жеңіл жаттығу мен массаж жасауды ұмытпаңыз:
- Басыңызды оңға, солға, алға және артқа бұрыңыз;
- Мойынға ылғалдандырғыш құрал жағып, иектен мойынға төмен қарай сипай отырып массаж жасаңыз;
- Арқаңызды үнемі тік ұстауға тырысыңыз. Арқаны тік ұстауға көмектесетін жаттығуды мына жерден көре аласыз.
Ұйқы тәртібі мен тамақтану
Тері жағдайы тамақтану мен ұйқы тәртібімен тікелей байланысты. Сондықтан 8 сағаттан аз ұйықтамауға және дұрыс тамақтануға тырысыңыз.