- Негізгі бет
- Сымбат
- Моника Белуччи —...
Моника Белуччи — 58 жас: Атақты актриса сұлулығының құпиясы
Италиялық актриса және модель Моника Белуччидің сұлулығына бүкіл әлем тамсанады. Бүгін атақты жұлдыз 58 жасқа толып жатыр. «20 жаста әдемі болу — табиғи нәрсе. Алайда 35 немесе 55-те сұлу болсаңыз, бұл өмірлік ұстаным», - деп айтты актриса бір сұқбатында. Моника Белуччи сұлулығының құпияларын ұсынамыз.
Шаш
Әрине, Мониканың шашы табиғатынан қалың және ұзын. Бірақ шаш табиғатынан қанша жерден қалың болса да, күтім жасалмаса, уақыт өте ол жұқарып, өз сұлулығын жоғалтады. Моника шашты аптасына екі реттен артық жумауды ұсынады. Ол дүкеннің маскаларының орнына қарапайым зәйтүн майын пайдаланады екен.
Тері
Моника таңын контраст душтан бастайды. Актриса аптасына бірнеше рет скраб жасайды. Ол сұлулық екпелерінен бас тартып, пластикалық хирургтерге бармайды. Жұлдыздың бет терісі күтіміндегі басты ережесі — теріні мұқият тазалау мен ылғалдандыру. Сондай-ақ актриса көп су ішеді және ерін күтіміне аса мән береді.
Тамақтану және спорт
Моника Белуччи спортпен айналысқанды және диета ұстағанды аса жақсы көрмейді. Оның дене пішіні ешқашан мінсіз болған емес. Көпшілікке оның сондай стандартты емес дене сымбаттылығы ұнайды.
Ол бір сұқбатында былай дейді:
«05:00-де тұрып, спортзалға барып, 6:00-де түсірілімде болу... Мүмкін емес! Залға барудың орнына қара көйлек кие саламын.»
Моника екінші баласын дүниеге әкелгеннен кейін өз рационына өзгерістер енгізе бастады. Ол көмірсулар мөлшерін азайтып, көбірек жемістер мен көкөністер жеуге тырысады.
Стиль
Моника қара түсті жақсы көреді және ол оны жарастырып кие алады. Сондай-ақ ол классикалық костюмдер, ерлер стиліндегі жейделер және джинс шалбарларын стильді үйлестіреді.
Философия
Атақты актрисаның айтқан сөздерінен кітап жазуға болады. Оның философиясы әйел даналығына және өмірге деген махаббатқа толы. Актрисаның бірнеше айтқан сөздерін ұсынамыз:
«20 жастағы кезіме қайтадан оралғым келмейді. Мен ол кездегіге қарағанда қазір бақыттымын. Ол жаста біз әлі өзімізді білмейміз, түсінуге тырысып жүрміз және сенімсіздіктен қиналатын шағымыз. Қазір мен маған не керегін және несіз өмір сүре алмайтынымды нақты білемін».
«Мен ешқашан хирург пышағының астына жатпаймын. Жиырма жастағы қыз сияқты көрінгісі келетін қырықтағы әйел күлкілі көрінеді».
«Сіз өзіңізді әдемі деп ойлаған кезде ғана әдемісіз. Басқалардың не ойлайтыны маңызды емес».
А. Жапатова