Шаш әрдайым күтімді қажет етеді. Ұзын, жылтыр, сау, берік шаштың иегері атанамын десеңіз, шаш саулығына ең әсерлі құралдардың бірі майсана майын қолданып көріңіз.
Майсана (касторовое) майы шашқа өте пайдалы екенін бұрын-соңды естіген боларсыз. Бұл май құрғамайды, беті қабаттанып қатып қалмайды. Осы қасиеттерімен ол шашқа арналған бірден-бір пайдалы табиғи өнім ретінде белгілі. Майсана майы қосылған маскалар мен сарсулар қолдан жасаланатын шаш дауаларының арасында ең танымал.
Шаштың ұштануына қарсы
Майсана және бадам майларын бірдей өлшемде алып араластырыңыз. Майлардың қосындысын сәл жылытып, жақсылап араластырыңыз. Жасаған сарсуды ылғал шаштың ұштарына 10 минутқа жағығыз. Артынан шашты жылы сумен шайыңыз. Дәл осы құралды құрғақ шашқа жағып, 30 минут ұстап, артынан шашты жууға болады.
Шаш түсуге қарсы
Бір кішкене пиязды блендермен немесе үккішпен майдалап, біртектес ботқа жасаңыз. Оған екі қасық майсана майын қосып, мұқият араластырыңыз. Осы масканы шашқа, шаш түбіне, бас терісіне жағып, шашты целофанмен ораңыз. Үстінен қалың орамалмен орап, шашта 2 сағатқа қалдырыңыз. Уақыт өткеннен кейін, шашты сусабынмен жағымсыз иісті кетіріп жуыңыз.
Шаштың майлылығына қарсы
200 грамм жылы айранға бір қасық майсана майын қосыңыз. Жақсылап араластырып, шаш тамырына саусақтармен жағыңыз. Шашыңызды жылы сүлгімен орап, 30 минут өткеннен кейін шашты сусабынмен жуып жіберіңіз. Бұндай масканы 2 аптасына бір рет жасау арқылы шаштың артық майлылығынан арыла аласыз.
Қайызғаққа қарсы
Қайызғақтан шаршасаңыз, майсана мен қырмызы (календула) майларын бірдей қатынаста араластырып, арнайы сарсу жасаңыз. Оны бас терісіне саусақтармен уқалай отыра жағыңыз. Масканы жарты сағаттай ұстаған дұрыс. Артынан шашты сусабынмен мұқият жуыңыз.
Шаштың беріктігі үшін
1 ас қасық балға 1 ас қасық майсана майын, 1 жұмыртқаның сары мен 1 шай қасық лимон шырынын қосыңыз. Құрамдас бөліктерді араластырып, шашқа жағыңыз. 30 минутқа қалдырып, сусабынмен жуыңыз. Бұл масканы әдетке айналдырсаңыз, шашыңыз жылтырап, ішінен де, сыртынан да сау болады.
Қоректендіргіш маска
100-150 грамм айран, 2 ас қасық майсана майы, Е дәруменінің 20 капсуласын жақсылап араластырып, микротолқынды пеште сәл жылытыңыз. Бас терісіне, шашқа жағамыз. Целлофан және орамалмен басты орап, 1 сағат шамасында ұстау керек.
Шаш түсуін кемітетін маска
2 ас қасық құрғақ қыша ұнтағына 1 жұмыртқаның сарысын 2 ас қасық майсана майын 2 ас қасық су қосамыз. Араластырып, шаштың түбіне, бас терісіне жағып, 15-20 минут жүріңіз. Артынан жууды ұмытпаңыз.
Ал сіз майсана майын шаш күтіміне қолданасыз ба?
Дайындаған: Сания Аринова
Сурет: kingcoupon.ru