- Негізгі бет
- Сымбат
- Майсана майын кірпікке...
Майсана майын кірпікке қолдану
Әр әйел кірпігін сау, әдемі және қалың етіп көргісі келеді. Ол үшін кірпікке ұқыпты күтім жасау қажет және косметиканы сирек қолдануға тырысу керек. Майсана (касторовое) майы – бюджеттік жағынан қолайлы және жақсы әсер беретін құрал. Оны дұрыс қолдану жолын ұсынамыз.
Майсана майының құрамында кірпікті дәруменмен қоректендіретін қаныққан майлы қышқылдар бар. Соның нәтижесінде кірпігіңіз қалыңдай түседі. Сонымен қатар майсана майы кірпік ауырғанға да көмектеседі. Ол сезім көп жағдайда компьютерде ұзақ отырғаннан немесе сапасыз косметика қолданғаннан болады.
Бұл құралды тек өзін емес, басқа заттармен біріктіріп те қоладануға болады. Мысалы, майсана майын ошаған (репейный) майымен бірге қолдану, кірпіктің түсуін тоқтатса, оны Е дәруменімен бірге қолдану кірпіктің жылдам өсуіне жақсы ықпал етеді.
Алайда майсана майының теріге аллергия беруі әбден мүмкін. Сондықтан оны қолданар алдында тексеріп көріңіз. Ол үшін майды қолыңызға жағып, 1 сағат күтіңіз. Егер сол уақыт аралығында қолыңыздан қызару немесе басқа да негативті реакция байқамасаңыз, кірпік емдеуге батыл қолдана беруіңізге болады.
Майсана майын қолдану жолы:
1. Алдымен кірпікті тазартып алыңыз. Ол үшін арнайы құралмен кірпіктегі тушьті сүртіп, содан соң бетіңізді жуыңыз;
2. Одан кейін майды аздап жылытыңыз.
3. Мақта таяқшамен майды кірпікке мұқият жағыңыз. Ол көзге тимеуі керек;
4. Бұл процедураны ұйықтардан 2 сағат бұрын жасау ұсынылады. Уақыт өткен соң кірпіктерді дәкемен немесе мақтамен сүртіп алу керек;
Майсана майы көп мөлшерде болуы көзге жағымсыз әсер беруі мүмкін. Мысалы, таңертең ұйқыдан тұрғанда көзіңіз ісіп кетуі мүмкін. Егер сондай жағдай болса, бұл процедураны ұйықтағанға дейін 3-4 сағат бұрын жасап, кірпікте 1 сағаттан артық ұстаңыз. Майсана майының шашқа пайдасы туралы алдыңғы материалда жазғанбыз.
А. Жапатова