- Негізгі бет
- Сымбат
- Майлы бет терісіне...
Майлы бет терісіне көмек
Құрғақ тері қаншалықты жайсыздық туғызса, майлы терінің де одан еш кем түспейтіні белгілі. Майлы теріге безеудің жиі шығатыны тағы бар. Сондықтан да мұндай жағдайда тері жылтырап тұрмауы үшін, оны аздап құрғату керек. Дұрыс таңдалған маскалар мұндайда таптырмас көмек болмақ.
Майлы бет терісіне арналған, сондай-ақ теріні тартып, ағартатын маска дайындау үшін 1 ас қасық ашытқыға 3 ас қасық ашыған сүт (оның орнына айран, сарысу, йогурт алуға болады), 1 шай қасық лимон шырыны, шамамен, 5 тамшы 3% сутек тотығын (перекись водорода) қосыңыз. Барлығын көпіршігенше араластырып, бет терісіне жағу керек. 10-12 минуттан кейін мақтаны салқын суға батырып, сонымен бетті сүртіңіз.
Майлы бет терісін құрғатып, өң кіргізу үшін мына масканы жасаңыз. 1 жұмыртқаның ағына 1 шай қасық лимон шырынын қосып араластырыңыз. Дайын болған қоспаны бет терісіне жағып, 10-15 минуттан кейін салқын сумен жуыңыз.
Сонымен қатар теріні құрғатып, ағартатын қасиетке айран да ие. Айранды таза бет терісіне жағып қойып, ол кепкен кезде шайып тастау да көп көмектеседі.
Солыңқыраған майлы бет терісіне төмендегі маска көмек болмақ. Ол үшін 1 жұмыртқаның ағын, әбден ұнтақталған (ұн сияқты болып) 1 лимон қабығын, 1 шай қасық лимон шырынын және 1 ас қасық сұлы жармасын қосып, жақсылап араластырыңыз. Егер қою болып қалса, аздаған суық су қосып жіберіңіз. Дайын қоспаны массажды қозғалыспен бетке жағып, 15 минуттан кейін салқын сумен жуыңыз.
Майлы теріні құрғату үшін 1 ас қасық ашытқыға 3 ас қасықтан лимон, мүкжидек, қарақат (немесе анар) шырындарын қосыңыз. Егер қою болып кетсе, аздап суық су қосыңыз. Дайын қоспаны бетке (әсіресе, маңдай, мұрын, иекке көбірек) жағып, 15 минуттан кейін салқын сумен жуыңыз.
anabol.kz
А. Оралқызы