Қазір мата маскаларды көпшілік қолданады. Оларды теріні жылдам қалыпқа келтіру керек болған кезде және демалыс күндері босаңсып, демалғың келген кезде қолдануға болады. Қандай ережелер мата маскалардың тиімділігін арттыруға көмектесетінін ұсынамыз.
Масканың құрамын зерттеңіз
Бірден барлық тері проблемаларын шешетін бетке арналған әмбебап маска болмайды. Сондықтан масканы сыртқы қаптамасына емес, құрамына қарай таңдаңыз. Оның көмегімен қандай нәтижеге жеткіңіз келетінін ескеріңіз.
Егер теріні ылғалдандырғыңыз келсе, құрамында гиалурон қышқылы, глицерин, ұлу сығындысы және анар бар маска таңдаңыз. Терінің қалпына келу процесін ынталандыру үшін дәрумендерге толы маска алыңыз. Құрамында қабынуға қарсы құрауыштары, мысалы, көк шай, алоэ және шай ағашы сығындысы бар маскалар тыныштандырушы және бактерияға қарсы әсерлерге ие.
Маска қолданар алдында теріні жақсылап тазартыңыз
Мата масканың әсері жақсы болуы үшін алдын ала бет терісін тазартып алу керек. Сол кезде маска құрамындағы дәрумендер, минералдар және аминқышқылдар теріге барынша көп мөлшерде сіңеді. Қабыршақтандыру — тазартудың маңызды кезеңдерінің бірі. Өлген жасушалардан арылу үшін бет терісіне пилинг немесе скраб жасауға болады.
Гуаша немесе роллер қолданыңыз
Мата масканың әсерін күшейтудің ең қарапайым әрі тиімді жолы — қан мен лимфа айналымын жақсартатын массаждық құралдар қолдану. Олардың көмегімен бет терісін жақсартып қана қоймай, ісінуден де арыла аласыз. Масканың белсенді құрауыштары эпидермистің терең қабатына сіңуі үшін беттің массаждық сызықтары бойымен гуаша немесе роллермен жүріп өтіңіз. Мұндай массаждық құралдарды масканы бетке қойғанға дейін де, масканың сыртынан да қолдануға болады.
Масканы ванна қабылдау кезінде қолданыңыз
Тері буға жұмсарылған болса, мата маска жақсы әсер береді. Ол үшін жылы ванна қабылдаңыз. Ваннада жатқан кезде бетіңізге мата маска қойып алыңыз. Будың әсерінен бет терісіндегі ұсақ тесіктер ашылады. Сол кезде маскадағы пайдалы құрауыштар нағыз терінің терең қабатына сіңеді.
Масканы бетте ұзақ ұстамаңыз
Алғашқы 10-15 минутта мата маска теріге барлық құрауыштарын беріп, оны қарқынды түрде қоректендіреді және ылғалдандырады. Бірақ шамамен 20-25 минуттан соң ол кеуіп бастайды да, теріден ылғалды сорады. Бұл терінің құрғақтануына әкеледі. Сондықтан маска қаптамасында жазылған уақыт өткен соң оны бірден алып тастаңыз.
Масканың екі жағын да қолданыңыз
Әдетте, мата маскалар құраммен мол сіңірілген болады. Сондықтан оның екі жағын да қолдануға болады. Мысалы, 7-10 минут өткен соң масканының екінші жағын аударып қойыңыз. Немесе масканың екінші жағын мойынға пайдаланыңыз.
Маска қалдығын жуып тастамаңыз
Тері маскадағы барлық құрамды сіңіріп үлгермейді. Егер асығыс болмасаңыз, оның толықтай сіңгенін күтіңіз. Ал егер сыртқа шығу керек болса, маска қалдығын қағаз майлықпен сүртіңіз. Егер сумен жуып тастайтын болсаңыз, бет жуатын құралдар қолданбай-ақ қойыңыз. Маска өздігінен сіңген соң бетке ылғалдандырушы крем жағып қойған дұрыс.