Маникюрді өзіңіз істей алмайтын болсаңыз немесе оған уақытыңыз бен шыдамдылығыңыз жеткілікті болмаса, сұлулық салонындағы білікті маникюр маманын тауып алған жөн. Бірақ қазірде сұлулық салондары өте көп, ал ондағы маникюр мамандары жиі ауысып отырады. Маманданған маникюр шеберін қалай табуға болады?
Маникюр жасататын сұлулық салоны мен маникюр шеберін шаштараздан да мұқият таңдауыңыз керек. Себебі маникюр тазалықты талап етеді. Сонымен, заманауи сәнді маникюр жасап, сіздің тырнақтарыңыздың саулығын құртпайтын, тазалықты ұстанатын салон мен шеберді қалай таңдау керек?
1. Біріншіден, жаңа кірген сұлулық салоны мен маникюр жасайтын шеберді сыртқы келбеттеріне қарап бағалаңыз: салонның іші таза, жайлы, ал маникюр маманы ұқыпты киінген болуы керек. Жұмыс орнында тамақ ішіп отырған, қосылған теледидарды қарап отырып маникюр жасайтын мамандардан аулақ болыңыз. Көзге жағымды көрінетін, таза, ұқыпты жерді және келбеті жылы маманды таңдаңыз.
2. Сұлулық салонындағы тазалық – бөлек айтуға тұрарлық мәселе. Үстелдердің үсті таза, шаңы сүртілген болуы тиіс. Маникюр маманының құрал-саймандары бөлек бір рет қана қолданылатын крафт-пакетте болуы керек. Бұл арнайы пакет ыстыққа төзімді материалдан жасалынады, оның ішінде құрал-саймандар тазарту дауасын өтеді. Бір-ақ рет қолданылатын пакетті маман сіздің көзіңізше ашуы керек.
Егер маникюр маманы құрал-саймандарды орамалға жайып, не ашылған пакетте әкелсе, олар дұрыс тазаланғанына сізге ешкім кепіл бере алмайды. Мұндай жағдайда маманды құралдар тазалауды қалай өткендігін сұраңыз. "Ультракүлгін сөресінде" не "арнайы шарларда" деген жауап алсаңыз, бұл жерде маникюр жасамаған жөн. Керісінше жағдайда сіз инфекция жұқтырып алуыңыз мүмкін. Ереже бойынша барлық құрал-саймандар арнайы ыстық сөреде тазалануы керек, бірақ көптеген сұлулық салондары бұл тәсілді қолданбайды. Өйткені бұлайша құралдар тез бұзылады.
Тырнақ егеуішке қараңыз: ол таза, алдыңғы клиенттің тырнақ егеген іздері қалмауы керек. Ол дезинфекциялайтын арнайы сұйықтықта тазаланады.
3. Маникюр дауасының белгіленген ережелері бар. Классикалық маникюр бастамас бұрын тырнақ пен тырнақ маңындағы теріні жібіту үшін сіздің саусақтарыңызды арнайы суға салады. Маникюр маманынан бұл суға не қосылғанын сұраңыз. Егер онда сұйық сабын болса, ары қарай маникюр жасатудан бас тартыңыз. Суға арнайы тері мен тырнақты жібітетін косметикалық зат қосылу керек. Сұйық сабынмен маникюрді үйде өзіңіз де жасай аласыз.
4. Маникюр шебері ескі лакты кетіріп, тырнақтарға пішін бере бастайды (оған қалаған пішін мен тырнақтын ұзындығын айтыңыз), тырнақ шетіндегі теріні кеседі (қан ағуға жол бермей). Кескен жерлеріне май, крем жағып, теріні тыныштандырады. Тырнақтарды бір сүртіп, лак астына негіз, оның үстінен лак (екі қабат) және түссіз лак қатыратын бояу жағады. Тырнақ кепкеннен кейін нағыз маман тырнақтарға арнайы май, қолдарыңызға крем жағып, массаж жасайды.
5. Маникюр маманының шеберлігін бағалау үшін одан бұл мамандықпен қанша уақыт айналысатындығын, қандай косметика, лак түрлерін таңдайтындығын сұраңыз. Өз жұмысын сүйіп жасайтын адам сізге өзі-ақ бәрін айтып береді.
Егер маникюр шебері осы талаптардың барлығына сай болып, көңіліңізден шықса, оған еш қорықпастан тырнақтарыңызды тапсырсаңыз болады.
Әрине, арасында маникюр жасатпай, тырнақтарыңызға демалуға мүмкіндік беріп, оларға емдік дауалар істеп тұрған жөн.
Дайындаған: Сания Аринова
Суреттер: club-a.ru