Макияждың ар жағында не бар?

Макияждың ар жағында не бар?

Егер сіздің косметикаға арналған сөмкеңіздің іші толып, аузы жабылуға шамасы келмей жатса, демек сіз жиырма бірінші ғасырдың жаңа дертіне шалдыққансыз. Сәндік косметикаларға әуестік көп қыздардың әдетіне, ал енді бірінің ауруына айналып үлгерді. Нәзік жандылар айна алдында толып тұрған косметикалық заттарын азсынып, соңғы шыққан үлгідегі косметикаға құмартып, соған шығындалуының сыры неде?

Күннен-күнге әйелдерге деген қоғамның көзқарасы артып келеді. Сұлулық стандарты бізге қай жаста да қартаймауды, қандай жағдайда да сұлулықты ұмытпауды, үнемі тартымды болып жүруді, денсаулығымыздың жүз пайызға сыр бермеуін және қуанышты да бақытты болып жүруді талап етеді. Бірақ бұл тек біз жасап алған «қатаң талап» қана. Біздің арамыздағы әйелдер қауымының бәрінің бойында жоғарыдағы талаптарды таппайсыз. Сұлудың бағы кем, ал бақыттының жүзінде анау айтқандай сүйкімділіктің ізі де көрінбейді. Күн сайын қаншама әйел денсаулықтарына сызат түсіріп, қаншасы түрлі аурудың құрбанына айналып жүр және қаншамасы тұрмыстық қиындықтан шыға алмай дүниенің жетегінде жүр. Бір күнде қаншама арудың көзінен жас ағып, қаншауының жүйкесі сыр береді десеңші. Ал осындай сәттерде бізге тиіттей болса да, сәндік косметикалар көмекке келеді. Ал егер косметикаға деген махаббат шектен шығып кетсе не болмақ?

Өзіңізден сұраңызшы: Сіз қоғамдық орталарға косметикасыз келбетіңізбен қысылмай шыға аласыз ба? Табиғи түрмен жүрсеңіз өзіңізді қалай сезінесіз? Сіз сонда өзіңізді тек косметикамен ғана сұлумын деп ойлайсыз ба?

Біздің бетіміздегі өң беруші негіздер біздің өміріміздегі сан түрлі проблемалардың бар екенін көрсетіп тұрады. Кейбір арулар өзінің жүзіндегі бояуы арқылы адамдарға бір нәрсе айтқысы келеді.

Сонымен, макияждың не айтқысы келеді?

Маған жолама! Бұл сөзді арулардың аузы айтпаса да, бетіндегі бояуы айтып тұрады. Түрін түрлі сәндік косметикалармен көмкеріп, табиғилықтың көлеңкесін де көрсетпей бояу жағатын қыздар өздерін косметика астында жасырып, айналасындағылардан тығылады. Олар осы бояуы арқылы "Бұл - менің шекарам, қашықтықты сақта!" дегісі келеді.

Менің көңіл күйім жоқ... Бетіне жатқан косметикасы арқылы кей қыздар ішіндегісін жасырғысы келеді. Ішкі күйзелісі мен жан қиналысын жасыру үшін бетіне «жасанды көңіл күй» жасап алатыны да сондықтан. Мұндай жүзді қыздардың арасынан өзіне жаны сәйкес адам іздейтінін, әлдекімге сырын ашып егіліп жылап алғысы келетінін байқау қиын емес.

Мен сендерді таң қалдырғым келеді! «Өзім үшін боянамын» дейтін қыздардың 50 пайызы өтірікші. Қыздар жұмыстағы әріптесі үшін, жүретін жігіті үшін боянатыны жасырын емес. Ал енді бірі құрбылармен бәсекелесіп боянса, ал енді бірі бояна алатынына мақтанып боянады.

Макияж – менің шығармашылығым. Кейбір әйелдер қауымы макияж жасауды өз-өзін сүю үшін жасалатын қадам деп қана ойламайды. Олар үшін бетке бояу жағу – бетперде кию. Өмір – театр: адамдардың өз образы бар. Және ол образдар үнемі ауысып тұрады. Осындай шақта макияж аруларға нағыз таптырмайтын көмекке айналып үлгергелі қашан.

Сурет: Григорий Борисов

 

А. Әбілхан