Мүмкін сіз өзіңіз білмейтін макияждағы қателіктерді жасап жүрген шығарсыз. Өзіңізді тексеріп көріңіз.
1-қате. Опаны беттің бәріне жағу.
Дұрысы: Т-аймаққа ғана опа жағу. Ол мұрын, иек және маңдай. Ал жағыңызға еңлік жағыңыз. Осылайша беттің табиғи рельефін көрсетесіз.
2-қате. Көз бояғанда кірпіктің астын қарындашпен боямау. Жиі жағдайда көбіміз кірпіктің үстінен қарындашпен сызық жүргіземіз.
Дұрысы: Сызықты кірпікке барынша жақын қылып жағыңыз. Кірпіктің астын да бояған абзал. Бастысы кірпік пен салған сызығыңыз арасында ашық жерлер көрініп қалмасын. Ол үшін қарындаштың ұшын қырмен ұстап бояған ыңғайлы.
3-қате. Реңк беруші кремді мол қылып жағу.
Дұрысы: Басында реңк беруші кремін жұқа қабатпен жағып шығыңыз. Жетіспей жатса, артынан қоссаңыз болады. Бірден көп реңк беруші крем жағу кейін байқалып тұрады.
4-Қате. Бояуларды мұқият жақпау, түстерін келтірмеу.
Дұрысы: Қандай бояу жақсаңыз да оның шекарасы көрінбейтіндей қылып, жаққышпен әбден түсін келтіру керек. Сонда ғана макияж табиғи, қарапайым көрінеді.
5-қате. Бет терісінің кемшіліктерін емдегеннің орнына жасыру.
Дұрысы: Беттегі безеу мен ұшықтарды реңк беруші кремнің қалың қабатына жасырып, сіз бетіңізге бірнеше жыл қосасыз. Сол себепті кемшіліктерді ішінен емдеп, жеңіл, қарапайым, табиғи макияж таңдаңыз.
6-қате. Кір аппликаторларды қолдану
Дұрысы: Бір рет қана қолдануға жарайтын аппликаторларды бір реттен артық қолданбаңыз. Ал ұзаққа жарайтын түрлерін уақыт өте тазартып тұруды ұмытпаңыз. Аппликатордан гөрі өз саусақтарыңызды қолданған дұрыс.
Дайындаған: Сания Аринова
Сурет: style.co.ua