Қыздар арықтау мақсатында не бұлшықеттерін қатайту, бір қалпын сақтау ниетінде дене жаттығуларын жасайды. Шынығуды жаңадан бастаған қыздар алдымен бірқатар ақпаратпен танысып алмаса, айналысқан спортының денсаулығына тигізер пайдасынан зияны көп болуы мүмкін. Мысалы таэквондо, каратэ секілді спорт түрлері қыз баланың денесін тым қатайтып, ұлға ұқсатып жіберуі мүмкін. Қыз балалар мына спорт түрлерімен шұғылданғаны жөн.
Жүзу. Көлде не бассейнде жүзудің сыртқы мүсінге де, денсаулыққа да келтірер пайдасы орасан зор. Дененің барлық бұлшықетін қозғалысқа түсіріп, тыныс алуды жақсартады. Қанайналымды, ұйқыны ретке келтіріп, көңіл күй үнемі көтеріңкі жүруіне сеп болады.
Пилатес те барлық бұлшық еттің қозғалысқа түсуін қамтамасыз ететін арнайы кешен. Мұнда адамның жаны мен тәні үйлесім табады. Жаттығу барысында дұрыс тыныс алып, ойды бір арнаға шоғырландырудың маңызы зор. Қолдың, аяқтың, арқаның бұлшықеттері қатайып, салмақ тастағыңыз келсе, пилатеспен тұрақты түрде айналысыңыз. Бұл спорт түрімен арнайы құралдарсыз-ақ үйде де айналысуға болады. Бір апта ішінде 40 минуттан 2-3 рет айналыссаңыз жетіп жатыр.
Аэробика. Бұл спорт түрі денедегі бұлшықеттерді жылдам қатайтуға көмектеседі. Бастапқыда денеге ауырлық түсуі мүмкін. Сондықтан жаттығуларды толық дұрыс орындап жатқаныңызға көз жеткізу үшін мамандар көмегіне жүгініңіз. Әйтпесе бір бұлшықетті шынықтырамын деп, ағзаның басқа мүшесіне зиян тигізіп аласыз.
Би. Спорттың ең көңілді де пайдалы түрі. Әсіресе қыз балалар үшін биден артық жаттығу жоқ. Билеудің қай жанры болса да, денсаулыққа пайдалы, әсіресе жылдам қозғалатын сальса, самба, танго, ба-ча-ча билері тез әсерін береді.
Велоспорт. Бұл да қыз балаларға ең ыңғайлы, қолжетімді спорт түрі. Велосипед тепкенде аяқтың ғана емес, дененің барлық бұлшықеті шынығады. Бір жұмада 1 сағаттан 3 рет велосипед айдасаңыз, мақсатыңызға жетесіз. Ал одан да жылдам жетістікке жеткіңіз келсе, ұзақ қашықтыққа айдап үйреніңіз. Мұнда да бірқалыпты тыныс алу маңызды.