- Негізгі бет
- Сымбат
- Қытай қыздары сұлулық...
Қытай қыздары сұлулық үшін табанын құрбан еткен
Ежелгі Қытай мәдениетінде бір ерекше дәстүр бар екен. Бұл дәстүр Х ғасырда етек ала бастаған. Дәстүр «таңылған табан» деп аталған. Көне Қытайда Х ғасырда қыздардың аяқтарын 4-5 жасында дәкемен таңып тастаған. Себебін оқып отырып түсінесіздер.
10 жылдан кейін қыздардың табандары 10 сантиметрлік қалыпқа түседі. Мұндай аяқтарды «лотос аяқтары» деп атайды екен. Бұл дәстүрдің негізін кім қалағаны белгісіз.
Сұлулық құрбандықты талап етеді демекші, сұлулықтың белгісі саналған бұл дәстүр он ғасыр бойы ашық аспан елінде салтанат құрып келген, сымбат пен мәдениеттің үлгісі болған. Үйленуге бел буған күйеу жігіттің ата-анасы алдымен келіннің аяғына, содан соң келбетіне назар аударған. Мұндай табан келіннің адамгершілігін танытады екен.
Аналар қыздарын болашақ келін атанатынын, үнемі сұлу болып жүру керегін айтып тәрбиелейді. Үлкен өсиет айтып үгіттеген соң, «лотос табаны» қыздар үшін аса маңызды екенін ескертеді. Бес жасқа толған соң, анасы алдымен қызының құлағын тесіп, сырға тағады. «Лотос табаны» да осындай болады – ауыртпайды деп «алдап» ауыртады екен.
Зерттеушілер лотос табанының 58 түрі барын анықтаған. Лотос күлтесі, жаңа туған ай, тік доға, бамбук тармақтары, қытай талшыны деп аталатын түрлері көптеп кездескен. Қыздарға қойылатын талаптар да жоқ емес. Қатты әлсіресе оларға жүруге болмайды, отырған кезде етектерін қозғауға тыйым салынады, демалып отырған кезде аяғын жыбырлатуға да болмайды.
Қытай қыздарының сұлулығы тек табандарын кішірейтумен ғана шектелмеген. Мәселен, текті жанұядан шыққан арулар бет формасын түзеу үшін маңдайындағы шаштарын қырған. Еріндерін қызыл далаппен қоршаған.
Г. Берік