Көктем басталғалы арулардың көңілі көтеріңкі болып, жаңарып, сұлу болғысы келеді. Ол үшін біріншіден қыстан қалған қиындықтардан арылуымыз керек. Назарларыңызда қыстың әсерінен емдейтін дауалар.
Қыстан кейін теріңіз сезімтал, нәзік болады. Сол себепті терең, қатты тазартуларды қолданбаңыз. Ал өлі жасушалардан тазару үшін жұмсақ пилинг құралдарын таңдағаныңыз жөн.
Қоректендіргіш қасиеті бар крем мен маскаларды жиі қолданыңыз. Олар теріні белсенді түрде қалпына келтіреді. Сіз таңдаған косметикалық құралдың құрамында жасушаларды жаңартатын Е дәрумені бар екендігіне көз жеткізіңіз. Крем жақсы сіңуі үшін оны суға түскеннен кейін жағыңыз.
Құрамында спирт бар сабын мен косметикалық құралдардан уақытша бас тартыңыз. Ол терінің май бөліну қасиетін бұзып, теріні тым майлы не керісінше құрғақ қыла алады.
Қыстан кейін ағзамыз пайдалы дәрумендер мен минералдарға зәру болады. Ол терінің қатты майланып не құрғап, қабыршақтануына әкеледі. Өтпелі қиын кезеңде майлы, ащы, тәтті тағамдардан бас тартып, өзіңізге жағатын дәрумендер комплексін таңдаңыз.
Көктемдегі күн өте белсенді, ол беттегі секпіл мен дақтардың бастамасы болуы мүмкін. Ультракүлгін сәулелерінен сақтану үшін SPF көрсеткіші бар крем қолданыңыз.
Қыстағы қою, қалың қабатпен жататын реңк беруші крем қолдандық. Енді жеңіл, жұмсақ жататын түрін алатын кез келді. Оның қоректендіргіш қасиеті болса, тіпті жақсы.
Төмен температура, жел, аяздан кейін терінің түсі күңгірттейді. Теріге оттегі мен пайдалы қоректік заттар жетіспейді. Беттің шырайын оттегі косметикасы қайтара алады. Оның құрамындағы белсенді заттар жасушаларды қажетті оттегімен байытып, теріге бірден әсер етеді.
Дайындаған: Сания Аринова
Сурет: aoro.ro