Қазірде еліміздің барлық аймағына аяз түсіп, суық жел үріп, күннің көзі көрінбей, температура тұрақты болмай, ауа райы нашар болып тұрған жайы бар. Дәл осы кезде біздің теріміз кеуіп, қабыршақтанып, қызарып, жарылады, сезімтал келіп, суыққа төзе алмайды. Теріңізге салғырт қарамай, оған осы кезеңде ерекше күтім көрсеткен дұрыс.
Желдің әсері
Ең майлы деген бет терісінің өзі суық желдің әсерінен құрғап, қабыршақтанып, тіпті кейде жарылып кетеді. Бұндай қиындықты әр қыс сайын ерніңізден де байқайтын боларсыз. Табиғатынан құрғақ болып табылатын көз маңындағы тері де қыста одан бетер құрғап тұрады.
Өзіңізге өте майлы, арнайы көз маңындағы теріге арналған крем алып қойыңыз. Тіпті оны жылдың басқа кезеңінде қолданбасаңыз да, қыста бұл сіздің ережеңіз болсын. Ерінге қоректендіргіш бальзам, ал бет терісіне құрғақ теріге арналған крем алыңыз (теріңіз майлы болса да). Қыста ылғалдандырғыш маскалар мен сарсулар қолдануды әдетке айналдырыңыз. Осылайша қыста бет терісінің тартылып тұрған сезімінен арылып, уақыт өте пайда болатын әжімдерден сақтанасыз.
Қолдың құрғауы
Аязда май безі жұмысының белсенділігі кемиді, демек теріні қорғайтын майлар азырақ өндіріледі. Ал қол терісіндегі май бездері аз келеді, демек жел мен суықтың әсерінен қол терісі мүлдем құрғап, бүрісіп кете алмақ. Бұндай көрініс әр қызға таныс болар, қол қызарып, кеуіп, тырнақ та қатпарлана бастайды.
Бұл мәселені шешетін бір оңай дауа бар. Күнделікті қолыңызға майлы крем жағып жүріңіз. Үйден шыққанға дейін, ұйықтар алдында, қол жуып болған кезде күніне бірнеше мәрте жаға беріңіз. Осыны әдетке айналдырсаңыз, қол құрғау мәселесін ұмытатын боласыз.
Қыста теріңіздің жағдайын құртып алмау үшін, оған артығырақ көңіл бөліп, күтім жасауға ерінбейік.
Дайындаған: Сания Аринова
Сурет:mykpopboyfriend.tumblr.com