- Негізгі бет
- Сымбат
- Қыста қайызғақтан арылудың...
Қыста қайызғақтан арылудың 8 әдісі
Қайызғақ — әлемнің ересек тұрғындарының жартысынан көбінде кездесетін кең тараған ауру. Қайызғақ құрғақ бас терісінің қарапайым белгісі болғанымен, ол суық айларда асқынып, жағымсыздық тудырады. Ендеше, суық ауа райында бас терісі күтімі қандай болуы керек?
Қайызғақты азайту және шаш жағдайын жақсарту үшін бас терісін қоректендіру көмектеседі. Ол үшін бірнеше қадамды орындау керек:
Гигиена режимін сақтаңыз
Бас терісі мен шаш күтімінің дұрыс режимі оны таза әрі сау етіп сақтауға көмектеседі. Басты өте жиі немесе сирек жумаңыз. Қандай да бір себептермен басыңызды күнде жуып кетуіңіз мүмкін немесе қыста әдетте, адам өзін шаршаңқы сезінгендіктен, бас жууды кейінгі қалдыра береді. Суық күндері күнделікті гигиенаның өзгеруі бас терісінің тітіркенуін шақырады.
Бас терісіне маскалар жасаңыз
Құрғап кеткен бас терісіне қоректік маскалар арқылы күтім жасауға болады. Масканы дүкеннен сатып алсаңыз, көптеген пікірлер оқыңыз. Себебі кей маскалар шашты майландырып жібереді. Егер масканы қолдан жасасаңыз, құрамына сұлы жармасы мен банан кіретін түріне мән беріңіз.
Асқазанға күш түсірмеңіз
Қыс мейрамдармен бірге басталады. Мейрамда дастархан молынан дайындалып, көпшілік адам әдеттегіден көбірек тамақ жейді. Алайда тамақ көп жеу қайызғақтың асқынуының бір себебі екенін ұмытпау керек. Артық тамақтану, соның ішінде калориялы тамақтарды көп жеу артық салмақ қосуға ықпал етіп қана қоймай, сондай-ақ тері мен шаш жағдайына да кері әсер етеді.
Рационыңызға дәрумендер қосыңыз
Бүкіл денеде шаш — қоректік заттарды ең соңғы алатын жүйе. Сондықтан қыста шаш пен тырнақ жағдайына жауап беретін дәрумендер ішуді ұмытпаңыз. Мерзімдер ауысуы, әдетте, тағамдық талғамның өзгеруіне әкеледі, сол үшін де көптеген адам өңделген өнімдер, дайын тамақтар немесе фаст-фуд жеп кетеді. Ал мұндай өнімдердің құрамында қант, тұз, пайдалы емес майлар және химиялық қосымшалар болатынын білеміз. Осы қыста көмірсулар, пайдалы майлар, ақуыздар, жасұнықтар, дәрумендер мен минералдардан тұратын тамақтар жеуге тырысыңыз.
Минералдарға мән беріңіз
Шаш пен бас терісі денсаулығы үшін маңызды элементтерді нақты азық-түліктерден және арнайы қосымшалардан табуға болады. Мысалы, жаңғақтар, шемішкелер және көкөністер минералдарға бай.
Ақуыздың қажет деңгейін сақтаңыз
Ақуыздың жетіспеуі ісінудің, күңгірт терінің, әлсіз шаш пен тырнақтың, тіпті, нашар көңіл-күйдің себебі болуы мүмкін. Егер денсаулығыңыз бен сұлулығыңызды ойласаңыз, көбірек ақуыз тұтыныңыз: ет, балық, жұмыртқа және бұршақтыларды көбірек жеңіз.
Ылғал деңгейін бақылаңыз
Қыста жылытқыштар қосылғандықтан бөлме ішінің ауасы құрғап кетеді. Дене терісімен қатар, бас терісі де құрғақтана бермес үшін бөлмені ылғалдандыру маңызды. Ол үшін арнайы ылғалдандырғыш құрал алыңыз. Сондай-ақ шөлдемесеңіз де, суды көбірек ішуге тырысыңыз.
Далаға жиі шығыңыз
Қысқы серуендер — жақсы физикалық жаттығу және дәрумендер көзі. Қысқа жарық күнді барынша пайдаланыңыз, мүмкіндік болса, күнде түскі үзілісті далада өткізіңіз.