Біздің аруларымыз қыстық бет күтімінің ерекшеліктерін жақсы білулері керек. Себебі қыста бет терісі суыққа, желге, жауын-шашынға, үйдегі пештің не батареяның қызуына тап болып, осының бәрі терінің құрғап, қартаюына алып келеді. Сондықтан бикештеріміз бет терісін күтудің қыстық түріне көшулері керек. Бұл әрекет бетті дұрыс тазалаудан басталады.
Бетті алдымен лосьонмен, косметикалық сүтпен тазалап, сосын тоникпен сергітесіз. Осы аталған құралдардың үшеуін де қолдану керек, әйтпесе тері дұрыс тазармайды. Содан соң арнайы сатып алынған қыстық иісмайды жағасыз.
Кейбір косметологтар түнгі иісмайды күндіз (нәрлендіру үшін), ал күндізгі иісмайды ылғалдандыру үшін түнде жағуды ұсынады. Тағы бір маңызды жайт – иісмай үйден шығудан 1–2 сағат бұрын жағылуы тиіс.
Көшеге 5 минутқа шықсаңыз да ерніңізге гигиеналық не косметикалық далап жағыңыз. Қыста да күннен қорғайтын көзілдірік кию – көздің айналасына әжім түсуден сақтайды.
Қыстық масканың ерекшелігі – оларға көбіне өсімдік майлары қосылады. Жылы кезде бетке масканы аптасына 1–2 рет жасау керек болса, қыста жиірек: 2–3 рет жасау ұсынылады.
Банан маскасы. Бананның төрттен бірін езіп, оған 1 шай қасық нәрлендіргіш иісмай қосып, 2–3 тамшы лимон шырыны мен зәйтүн майын тамызып, бетке жағасыз.
Сүзбе маскасы. Екі шай қасық майсыз сүзбені 1 шай қасық қою шаймен және осындай мөлшердегі зығыр майымен араластырасыз.
Лимон маскасы. 1 шай қасық лимон шырынын 1 шай қасық майлы иісмаймен және жарты шай қасық қаймақпен араластырасыз.
Ақуыз маскасы. Жұмыртқаның ақуызын көпіршітіп, оған 1 шай қасық лимон шырынын, ұсақ туралған лимон қабығын және 2 шай қасық кебекті қосасыз. Бұл маска майлы теріге арналған.
Алма маскасы. 1 шай қасық алма шырынына 2 шай қасық сүзбе қосып, оған жұмыртқаның сары уызының жартысын, 1 шай қасық камфара майын араластырасыз.
Егер жазда шөлдегеннен суды қажетті мөлшерде ішсеңіз, бұл әдетті қыста да ұмытпау керек: ағзаңыздағы қажетті су мөлшерін сақтау үшін күніне 2 литр су ішіңіз. Ол бетіңізге мезгілсіз әжім түсуден сақтайды. Мұнымен қатар жеміс-жидектер жайлы да ұмытпаңыз.
Сурет: wallpaper4k.com
Оқи отырыңыз:
Суық мезгілде дұрыс күтіну жолдары
Қыздар сұлу көрінер...
Бет күтіміне арналған кеңестер