Қышаның шашқа қандай пайдасы бар?

Қышаның шашқа қандай пайдасы бар?
Фото: foodandhealth.ru

Шаш күтімінде үлкен маңызға ие өнімдердің бірі – қыша. Ол шаштың берік болуына септігін тигізіп, өсуін де жылдамдатады. Сондай-ақ қышаның майлы шашқа таптырмас ем екенін көпшілік біле бермейді. Қышадан дайындалған маскадан кейін шаш тез майланбайды, таза қалпын ұзақ сақтайды.

Қышаны арзан бағаға ұнтақ түрінде дәріханадан сатып алуға болады. Ол бас терісін қыздырып, қан айналымын жақсартады. Қыша маскасын бірнеше рет жасағаннан кейін жаңа шаштар өсіп, қалыңдай түседі.

Одан маска жасау да қиын емес. Қыша ұнтағын жылы сумен араластырып, дайын болған қоймалжың массаны басыңызға саусақтарыңыздың ұшымен массаж жасай отырып жағасыз. Маскаңыз жылы болсын. Жаққаннан кейін басты қалың орамалмен дереу жылылап орау керек. Жарты сағаттан соң жуып тастаңыз.

Кейбіреулер масканың әсері жақсы болуы үшін жылы судың орнына жаңа дайындалған қара шайды (жылы), жүзім сүйектерінің майын қолданып жатады. Егер бас терісі тым сезімтал болмаса, жылы судың орнына пияз сөлін пайдалануға да болады. Мұндайда маска басты қатты қыздырып, ашытатын болса, 20 минуттан (немесе шыдай алғаныңыздан) артық ұстамаған жөн.

Масканың әсерін арттыру үшін ашытқы қосқан да жөн. Жарты стакан жылы суға қоймалжың болатындай етіп үстінен ашытқы салыңыз, 1 шай қасық бал қосыңыз да жылы жерге қойыңыз. Ашытқы көтерілген соң үстінен 1 шай қасық қыша қосыңыз. бұл масканы аптасына 3-4 рет жасаған дұрыс. Емдеу курсы – 8-12 апта.

Қышаға қант пен жұмыртқаның сарысы қосылған масканың да пайдасы мол.

Жылы сумен араластырылған қышаны сусабын орнына да қолдануға болады. Жуғаннан кейін шаш жылтырап, жұмсара түседі. Сондай-ақ басты жуғаннан кейін қышаны шашты тек шаюға қолдану да пайдалы. 1 литр жылы суға 1 ас қасық қыша қосып, шашыңызды шайыңыз. Бұл шашыңызға ем болады.

Ескерту!

Қышаны ешқашан ыстық сумен араластыруға болмайды және қыша қосылған маска жасағанда ол басты қатты қыздыратын болса, дереу жуу керек. Бас терісі тым сезімтал жандар қышамен маска жасағанда оны ұзақ ұстамағаны жөн.

Г. Берік