Қыс мезгіліндегі шаш күтімі

Қыс мезгіліндегі шаш күтімі
Фото: Серик Байбульсинов

Суық түскен кезде шаш үшін қиын кезең басталады. Жаңбыр, қар, қатты жел, бас киім, температураның күрт өзгеруі, пәтердегі құрғақ ауа – әдемі шаш үлгісіне жақсы серік бола алмайды. Барлық үміт тек сіздің қамқорлығыңыз бен қосымша күтіміңізде ғана! Шаш жылтыры мен күшін жоғалтпай, жайнаған қалпын және қалыңдығын сақтап қалуы үшін біздің кеңестерімізге құлақ түріңіз.

Температураның күрт өзгеруі 
Күз бен қыста шашты өте ыстық сумен жумауға тырысыңыз. Судың жылы және жайлы болғаны дұрыс. Таза шашты салқын сумен шайыңыз – осындай процедура кутикуланы жабуға көмектесіп, шашқа жарқыл береді. Фен мен шаш үлгісін жасауға арналған үтікшені қолдануды шектеңіз. Немесе, ең болмағанда, ең қатты режимге қоймаңыз. Ешқашан толық кеппеген шашпен далаға шықпаңыз, бұл жағдайда суық тиіп қалу қаупі бар, сондай-ақ, шаштың ұшталуына әкеліп соқтыруы мүмкін. Орталық жылыту жүйесі ауаны қатты кептіріп жібереді, ол болса шашқа өте зиянды. Оның бір жақсы шешімі – ауа ылғалдандырғышты сатып алу немесе радиатордың үстіне су құйылған ыдысты қою.

Қоршаған ортаның зиянды әсерлері 
Өкінішке орай, ірі қалалардағы тұрғындар таза ауамен тыныс алатынын мақтан ете алмайды. Күн сайын зиянды булар тері мен шашыңызға қонып қалады. Бірақ шашыңызды күнде жууға әуестенбеңіз – бұл шашты әлсіретіп жібереді. Оның орнына арнайы қорғайтын спрейлерді қолданған дұрыс. Зиянды әсерлерді күшейтпес үшін темекі шегуден бас тартыңыз және темекі шегетін адамдардың жанында тұрмаңыз.

Бас киімнің артықшылықтары және кемшіліктері
Тымақтар мен қалпақтар шашты төменгі температурадан, жаңбыр мен қатты желден қорғайды, бірақ бұндайда басыңызға қалыпты тыныстауға мүмкіндік берілмейді. Сондықтан табиғи материалдардан жасалған бас киімге көп көңіл бөліңіз және олардың шашқа аса тығыз жабысып тұрмауын қадағалаңыз. Тымаққа жақсы балама жүннен тоқылған шарф немесе орамал бола алады.

Статикалық электрлену 
Жаңа ғана әдемі сәндеген шаш керек емес жерде тікірейіп, түк бағынбай, жатпай қоятын кездер болады! Шаштағы статикалық электрлену температураның күрт өзгеруінен немесе үйкеліс салдарынан болуы мүмкін. Оны болдырмау үшін кондиционерді қолдануды ұмытпаңыз, шашты салқын суда шайыңыз, арнайы фенді қолданыңыз және шашты қажетсіз ұстай бермеңіз. Одан басқа, металл бөлшектері бар тарақтан бас тартыңыз және синтетикалық бас киімді кимеңіз. Ең болмағанда қол астында шашқа арналған лакты алып жүріңіз.

Шашыңыз қысы-жазы әдемі әрі сау болсын!

everydayme.com

@. @assel_assanova