Қына шаш бояуы – толықтай табиғи өнім. Шаш бояуының бұл түрі шаштың ішіне өтпей, тек сыртын орайды. Нәтижесінде қына бояуы үйреншікті химиялық бояуларға қарағанда шашты зақымдамайды. Сол себепті шашын бояймын деп ниеттенген қыздар жиі жағдайда қына жайлы ойланады. Бірақ қынаның да өзінің жақсы және жаман жақтары бар. Шаш боямас бұрын қынаның ерекшеліктерімен таныс болғаныңыз дұрыс.
Қынаның құрамы
+ Табиғи қына құрамындағы пигмент шашқа қанық түс беріп, жақсы жылтыратады.
- Кейбір қына негізінде жасалған бояуларда одан басқа да құрамдас бөліктер болады. Бұл басқа түске қол жеткізу үшін жасалады. Кейбір өндірушілер қынаға табиғи заттар қосса (мысалға кофе), басқалар бояуға металл тұздары мен басқа да химиялық заттар қосады. Әрине бұл шашқа өз зақымын тигізеді.
Қынаның түсі
+ Қына көмегімен шашыңызды қызыл, алтын, қоңыр түстердің түрлі реңктеріне бояй аласыз. Және қына бояуы расымен шашыңызға мүлдем зақым тигізбейді.
- Алайда қына бояуы қорабындағы көрсетіліп тұрған түсті береді деп ешкім айта алмайды. Шашыңызды бояғанда пайда болатын түс сіздің шаш құрылымыңызға, бастапқы шаштың түсіне, шашыңыздың бұрын боялғанына байланысты.
- Егер сіз бұрын шашыңызды химиялық бояумен боясаңыз, қына қолданғаннан кейін шашыңыз мүлдем басқа, мысалға жасыл не күлгін түске боялуы мүмкін. Сондықтан шашыңыз боялған болса, бірінші тек бір шаш бұрымын қынаға бояп, нәтижені көріңіз.
Шаш бояғаннан кейін
+ Табиғи қынаны қолданғаннан кейін шашыңыз жұмсарып, берік болады.
- Шашты қынамен бояу, қарапайым бояумен бояудан әлдеқайда қиын. Ол жұққан жерлерден әрең кетіп, бояп отырған жеріңізді, киіміңізді кірлетеді. Сондай-ақ кейде қына ұсталу үшін, оны шашта 6 сағатқа дейін қалдыру керек.
Нәтиже
+ Қына бояуы синтетикалық бояуларға қарағанда әлдеқайда ұзақ сақталады.
- Алайда түс ұнамай, шашыңызды қайта бояуға ниеттенсеңіз, химиялық бояу қынаның әсерін одан әрі берік қылатынын білгеніңіз жөн. Сондықтан қынамен боянуға бел буған ару шашын қайта тек қынамен боясын немесе қынамен боялған шаштың өсіп кеткенін күтсін.
Ал сіз шашыңызды бояйсыз ба? Қына қолданып көрдіңіз бе?
Тақырып бойынша:
Табиғи шаш бояуларыДайындаған: Сания Аринова
Сурет: vk.com