- Негізгі бет
- Сымбат
- Күзгі тері күтімі...
Күзгі тері күтімі
Теріге күтімді күнде жасау керек. Бірақ әр мерзім бұл процеске өз толықтыруларын қосады. Теріні күзгі ауа райынан қорғауға көмектесетін негізгі ережелерді ұсынамыз.
1. Ылғалдандыру деңгейін сақтау
Көпшілік жаздың ыстық күндері терісін ылғалдандыруды ұмытпайды да, суық мерзімнің келуімен оның аса қажеті жоқ деп ойлайды. Алайда, қандай мезгіл болмасын, тері күтімінің басты шарты – оны ылғалдандыру. Бұл ережені сақтау оңай: ол үшін сүйікті ылғалдандырушы креміңізді күнде жағу жеткілікті. Теріні тиімді ылғалдандыруға арналған құрал – гиалурон қышқылы бар крем. Егер крем жеткіліксіз болса, қосымша сарысу (сыворотка) алуға болады.
2. Күннен қорғауды жалғастыру
Әрине, күзде күн сәулесі жаздағыдай өткір болмайды. Бірақ ультракүлгіннен қорғану керек. Әсіресе, бұл терісі сезімтал адамдар үшін маңызды. Сондықтан күздің келуімен құрамында SPF-эффектісі бар құралдарды қолдануды тоқтатпаңыз. Терінің ерте қартаюына себеп болатын фактордың бірі – күн сәулесі екенін ұмытпаңыз.
3. Дәрумендер мен антиоксиданттар туралы ұмытпау
Күн суыған сайын жарық та, жаңа піскен жемістер мен көкөністер де азая түседі. Сондықтан ағза толыққанды дәрумендерді қажет етеді. Сол үшін рационыңызды дұрыс құру маңызды. Дәрумендерге толы өнімдермен тамақтану теріңізге тікелей әсер беретінін ұмытпаңыз.
4. Ылғалдандырушы мата маска қолдану
Егер ылғалдандырушы қарапайым құралдар жеткіліксіз болса, аптасына 1 рет мата маска қолданыңыз. Ол теріні терең ылғалдандырады. Тері күтіміне мата маска қолдану – корей әйелдері сұлулығының бір құпиясы.
5. D дәруменін ішу
Беттің қызаруы, безеу шығу, жарылу – мұның барлығы D дәруменінің жетіспеушілігінің салдары. Күз мерзімінде құрамында D дәрумені бар тағамдар жеңіз немесе қосымша дәруменді жинақ ішіңіз. Тағамнан келген дәрумен ағзаға жақсы сіңетінін ұмытпаңыз. Ал қандай да бір қосымша препарат қабылдардың алдында дәрігердің кеңесін алу керек.
6. Тұмаудан қорғану
Тұмау кезінде жалпы хал-жағдайыңыз нашарлай түседі. Оған қоса, ол тері жағдайына да жағымсыз әсер береді. Сондықтан оның алдын алудың амалдарын жасаңыз. Ол үшін ауа райына сай киініңіз, күнде далада серуендеуге тырысыңыз және ұйқыны қандырыңыз.
7. Балық майы мен басқа да омега-3 қышқылдарына мән беру
Көпшілік балық майын жақсы көре бермейді. Бірақ одан тері, тырнақ және шаш жақсы бола түседі. Оның дәмі ұнамаса да, балық майын арасында ішіп тұрған жөн.
8. Жатын бөлмедегі ауаны ылғалдандыру
Күзде үйге жылу қосады. Одан бөлменің ішіндегі ауа құрғақ бола түседі. Құрғақ ауа теріге өзінің жағымсыз әсерін бермей қоймайды. Сондықтан арнайы ауа ылғалдандырғыш сатып алған жөн.