Жазғы демалыстан кейін шаш пен тері құрғап, шаршағандай көрінеді. Күзде сымбатты көрінемін десеңіз, ең біріншіден жаздың салдарымен күресуді қолға алыңыз.
1. Бірінші мақсат - қажет емес, артық заттың бәрінен арылу. Теріңізді жақсылап скрабпен ысқылап, өлі жасушалардан тазартыңыз. Күнге күйген әдемі түсті жоғалтып алам деп қорықпаңыз. Тазаланған теріде бәрібір күнге күйген түс сақталады. Дене терісіне құрамында тұз не қант бар, ал бет терісіне үгітілген жемістер сүйектері қосылған скрабтарды таңдаңыз.
2. Теріңіз қабыршақтанып жүр ме? Бұған дауа теріге арналған май. Май теріні ылғалдандырып, қажетті ылғалды күні бойына сақтайды. Оны суға түскеннен кейін ылғал теріге жағыңыз.
3. Chanel зертханасының ғалымдары мынандай жаңалық ашты. Ұшақ салонындағы ауа Гоби шөлінің ауасындай құрғақ екен. Ендеше, егер сіз ұшақта бола тұра, арнайы ылғалдандырушы крем қолданбасаңыз, қатеңізді түзей бастаңыз. Аптасына 2-3 рет бет терісіне арналған маскалар жасаңыз. Ұйықтар алдында бетіңізге өте майлы кремді, ал күндіз арнайы күндізгі эмульсия-кремді қолданыңыз.
4. Жазда күнге күйіп, кейін терісінің түсімен баршаны тамсандыру - әр қыздың арманы. Алайда күнге күю теріге өте үлкен зақым тигізетінін білгеніңіз жөн. Жазда күннің астында көзілдіріксіз, бас киімсіз жүрсеңіз, енді оның зардабымен бетпе-бет кездесуге дайын болыңыз. Әсірсе көз маңындағы тері ең көп зардап шегеді. Мимикалық әжімдер көріне бастаса, көз маңындағы теріге арналған құрамында теріні қартаюдан сақтайтын коэнзим Q10 бар крем таңдаңыз.
5. Есіңізде болсын, жаздан кейінгі косметикаңыздың барлығы ылғалдандырушы болуы керек. Себебі қазіргі құрғақ теріңізде су жетіспей, қабыршақтанып, әжімдер пайда болуы мүмкін. Жасушалар жаңармай, терінің түсі нашарлай бастайды.
Дайындаған: Сания Аринова
Сурет: belriem.org